Accessibility links

Тоқаев Қытайдың жоғарғы технологиялық компанияларын Қазақстанға шақырды

Қытай бизнесмендері Тоқаевпен кездесуде отыр. Шанхай. 16 шілде 2026 жыл.
Қытай бизнесмендері Тоқаевпен кездесуде отыр. Шанхай. 16 шілде 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғарғы технология компанияларын Қазақстандағы ірі цифровизация мен инфрақұрылымды дамыту жобаларына қатысуға шақырды. Бұл туралы Тоқаев Шанхайда Қытай бизнесмендерімен кездесуде айтты.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапарында құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылған.

Тоқаев Қытай компанияларымен бірігіп, Екібастұзда жасанды интеллекті дамытатын Data Center Valley инновациялық кластерін ашуды ұсынды. Бұған қоса, Қазақстан президенті Қытай бизнесін Алатау "ақылды қаласын" дамытуға атсалысуға шақырды.

Қазақстан жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Huawei Technologies компаниясымен келісімге қол қойды. Бұған қоса, Қазақстанда Li Auto электромобиль шығару бойынша да келісімге келді.

Тоқаев Қытай бизнесмендеріне "Қазақстан әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз" деді.

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі кредиторы. Ақорданың есебінше, Қазақстанда Қытай капиталы бар 8500 кәсіпорын жұмыс істейді. Пекиннің Қазақстан экономикасына инвестициясы 30 млрд доллардан асады. Екіжақты тауар айналымы 2025 жылы 49 млрд доллар болған.

XS
SM
MD
LG