Accessibility links

Абай облысында "Семей орманындағы" өрт оқшауланды

"Семей орманындағы" өртті сөндіріп жатқан мамандар. 17 шілде 2026. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.
"Семей орманындағы" өртті сөндіріп жатқан мамандар. 17 шілде 2026. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.

Абай облысында “Семей орманы” табиғи резерватындағы өрт оқшауланды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігі 18 шілдеде таңертең хабарлады.

Ведомство хабарламасында өрт аумағы қанша екені айтылмайды. Бір күн бұрын экология министрі Ерлан Нысанбаев өрт аумағы 370 гектарға жеткенін мәлімдеген. Оның сөзінен Vlast үзінді келтіреді.

Ол орман өртінің себебі жөнінде алдын ала дерек жоғын, оған найзағайдың түсуі де себеп болуы мүмкін екенін жеткізген.

Бұған дейін қауіпсіздік мақсатында ондағы демалыс лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала Семей қаласына эвакуацияланған еді.

Өткен айда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті биыл 15-21 маусым аралығында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында 15 орман өрті тіркелгенін, жалпы аумағы 0,4 гектарды қамтыған өрт ошақтарының бәрі жедел анықталып, оқшауланып, толықтай сөндірілді деп хабарлаған.

Бұдан үш жыл бұрын, 2023 жылы жазда "Семей орманы" резерватында шыққан өрт салдарынан 15 адам (оның 14-і орман шаруашылығы қызметкері) қаза тауып, 60 мың гектардан астам орман жойылып кеткен еді. Ол жолғы өрттен келген залал 160 миллиард теңгеге бағаланды.

Айдар
XS
SM
MD
LG