Лондонның "Челси" командасы Австралия-Азия турнесі аясында Сиднейдің "Вестерн Сидней Уондерерс" клубымен жолдастық матч өткізіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында "Челсидің" алғашқы голын қазақстандық 17 жастағы Дастан Сәтпаев салды.
Бұл – Сәтпаевтың "Челси" сапындағы бірінші ойыны. Матчтың 7-минутында командаласы Райан Кавума-Маккуиннан пас алған Сәтпаев екі қорғаушыдан сытылып өтіп, қарсылас қақпасына гол салды.
ВВС Sport сайты Сәтпаевтың "көктер сапындағы алғашқы матчы және алғашқы голы. Қазақ футболшысы үшін ғажап старт" деп жазды.
Лондонның "Челси" командасы жаңа маусымға дайындықты Австралияда жүргізіп жатыр. Бұл командаға жақында испаниялық бапкер Хави Алонсо бас бапкер болып тағайындалған еді. Алонсоны қазақстандық жанкүйерлер былтыр Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өткен "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы ойыннан кейін жақсы біледі. Сол уақытта "Реалды" жаттықтырған Алонсо бұл командамен Алматыда "Қайратқа" қарсы ойын өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жеткен. Сол ойында Сәтпаев "Қайраттың" негізгі құрамында ойнаған еді.
Сиднейдегі матчтан соң "Челси" бапкері Алонсо "Дастанды былтырдан бері, Алматыдағы ойыннан білемін. Өзгеше ойыншы екені көрініп тұр. Қарсылас қақпасына қауіп төндіріп, басқа шабуылшылардың кеңістігінде жақсы шабуыл ұйымдастыра алады. Бұл оның командадағы алғашқы ойыны және өзін жақсы жағынан көрсетті. Ол – өте күшті әрі жылдам ойыншы" деді.
Сәтпаев Алматының "Қайрат" клубының академиясында (миллионер Қайрат Боранбаев құрған) жаттыққан. Кейін "Қайраттың" жастар командасында жүріп, шетелдік клубтардың назарына ілінеді. 2025 жылы жас футболшыны "Челси" командасы сатып алған. Лондондық клуб "Қайратқа" 4,3 млн еуро төлегені айтылған.
Бірақ Сәтпаев кәмелет жасына толмағандықтан "Қайрат" сапында ойнап, маусым айында "Челсиге" сапына ресми түрде қосылды. Бірақ қазір "Челси" 17 жастағы Сәтпаевты Францияның "Страсбург" командасына жалға беретіні жайлы ақпарат тараған. Бірақ "Челси" клубы бұл жайлы ресми ақпарат таратпады.
Сәтпаев "Челсидің" жолдастық матчында алаңға шықты. Бұл – ресми ойын емес, 24 тамызда басталатын Англия премьер-лигасына дайындық. Демек Сәтпаевтың алдында "Челсидің" жаттығуында өзін дәлелдеп, команданың негізгі құрамына ену мақсаты тұр. Бұған қоса, Сәтпаевтың шабуылдаушы позициясында "Челсидің" өз ішінде бәсеке жоғары. Сондықтан қазақ футболшысының лондондық клуб сапындағы аяқ алысы алдағы уақытта байқалады.
"ЧЕЛСИ" - АНГЛИЯНЫҢ ҮЗДІК КЛУБТАРЫНЫҢ БІРІ
Сәтпаев – Еуропадағы үздік клубтарға шақырту алған алғашқы қазақ футболшысы. Ал "Челси" Англия премьер лигасындағы үздік клубтардың бірі. Алты дүркін Англия чемпионы (соңғы рет 2017 жылы жеңген). Екі рет Чемпиондар лигасында жеңіске жетті (соңғы рет 2021 жылы чемпион атанды). 2025 жылы клубтар арасындағы әлем кубогында жеңіске жетті.
Бұл клуб былтырғы Англия чемпионатында 10-орын алып қалған. Ал Чемпиондар лигасында 1/8 финалда франциялық ПСЖ клубынан (бұл клуб биылғы Чемпиондар лигасында жеңіске жетті) жеңілген еді. Англиядағы футбол жарыстарында нәтиже төмен болғандықтан жаңа маусымда "Челси" еуротурнирлерге қатыспайды.
Жаңадан тағайындалған бас бапкер Алонсоның алдында "Челсидің" Англия премьер-лигасындағы нәтижесін көтеріп, клубты еуротурнирлерге шығару міндеті тұр.