Accessibility links

Трамп Иранға жойқын шабуыл жасау жоспарын "тоқтата тұратынын" мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға шабуыл жасауды "тоқтата тұру" туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеранмен келісімнің негізгі параметрлері пысықталған.

"АҚШ Иран ислам республикасына Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған әскери қуатпен соққы жасауға толық дайын. Бірақ Иран мен Таяу Шығыстағы өзге елдер бізден шабуылды кейінге қалдыруды сұрады, өйткені келісімнің негізгі шарттары бойынша ортақ түсіністік қалыптасты" деп жазды Трамп 1 тамыз күні Truth Social желісінде.

Трамптың айтуынша, негізгі шарт қатарында Ормуз бұғазының толық әрі біржола ашылуы және Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартуы бар.

"Осы өтінішті ескере отырып, әлемнің болашақтағы игілігі үшін және табысты әрі гүлденген Иранның өмір сүруі үшін, тез арада келісімге қол жеткізу мүмкіндігі сақталған жағдайда, шабуылды тоқтату туралы шешім қабылдадым" деп жазды ол. "Осы шешімге Израиль де қосылып отыр. Ендеше іске кірісіп, бұл жұмысты аяқтайық".

Трамп бұған дейін де Иранға қарсы ауқымды әскери соққылар жасау қаупін бірнеше рет айтып, кейін олардан бас тартқан. Әр жолы ол Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісімнің жақын қалғанын айтып жүрді. Алайда осы уақытқа дейін ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкін болмай, тараптар бір-біріне шабуылдауды жалғастырып келді.

Трамп бастапқыда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясының (28 ақпанда басталған) басты мақсаты Тегеранның ядролық бағдарламасынан туындайтын қатерді жою екенін айтқан болатын. Алайда кейінгі апталарда ол негізінен әлемдік сауда үшін аса маңызды Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету мәселесіне көбірек назар аудара бастады.

Соғысқа дейін әлемдегі мұнай мен газ тасымалының 20 пайыздан астамы осы Ормуз бұғазынан өтетін. Бірақ Иран кей кездері Тегераннан тиісті рұқсат алмаған кемелерге шабуыл жасап, бұғазды жауып тастаған. Сондай-ақ Иран бұғаз арқылы өтетін кемелерден алым немесе баж салығын енгізуі мүмкін екенін де бірнеше рет мәлімдеген.

АҚШ пен бірқатар өзге мемлекеттер Ормуз бұғазы халықаралық су жолы болып саналатынын және оның ешбір мемлекеттің бақылауында емес екенін айтып келеді.

АҚШ пен Иран 17 маусымда соғыс қимылдарын тоқтатуға және Ормуз бұғазын қайта ашуға бағытталған 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Алайда құжаттағы шарттарды әртүрлі түсіндіру салдарынан екі тарап та қайтадан әскери шабуылдарға көшті.

Трамп 23 шілдеде Axios басылымына берген сұхбатында Иранға қарсы "аса ауқымды шабуыл" жасау мүмкіндігін байыппен қарастырып жатқанын айтқан. Алайда 27 шілдеде ол бұл мәлімдемесінен бас тартып, Иранмен дипломатиялық келіссөздердің жаңа кезеңі серпіліс әкелуі мүмкін екенін жеткізді. Дегенмен қажет болған жағдайда жаңа әскери соққылар жасау мүмкіндігін жоққа шығармады.

Ал Ливандағы "Хезболла" қозғалысына қарсы жеке әскери операция жүргізіп жатқан Израиль АҚШ әкімшілігі ұсынған бейбіт келісімдерге бірнеше рет қарсылық білдіріп, шабуылдарын қаншалық қажет болса, соншалық жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Иран қолдайтын әрі Ливанның оңтүстігінің едәуір бөлігін бақылайтын "Хезболла" әскери-саяси ұйымын АҚШ террористік ұйым деп таныған. Ал Еуроодақ ұйымның әскери қанатын ғана террорлық ұйымдар тізіміне енгізген, саяси қанатына мұндай статус бермеген.

XS
SM
MD
LG