9 тамыз күні таңертең Ресей әскері Харьков қаласының Салтов ауданына зымыран атқылады. Мұны Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов хабарлады.
Шабуыл салдарынан көпқабатты тұрғын үй зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша, 50 және 66 жастағы екі тұрғын қаза тауып, кемінде 23 зардап шеккен. Синегубовтың мәліметінше, олардың 11-і жарылыс салдарынан жараланып, тағы екі адам түтіннен уланып қалған. Бұған қоса сегіз адам, арасында бес жасар бала да бар, қатты күйзеліске душар болған.
Құтқарушылар мен жедел қызмет өкілдері зардап шеккендерге оқиға орнында медициналық көмек көрсеткен.
Одесса облысына әуеден жасалған соққы
Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның Одесса облысына да әуеден жаппай шабуыл жасаған. Облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Олег Кипердің мәліметінше, Ресей күштері бұл өңірдегі нысандарды дәлдеп ондаған зымыран мен дрон ұшырған.
Шабуыл салдарынан инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлер зақымданған. Одессаның екі ауданында бірнеше тұрғын үй бүлініп, кейбірі ішінара қираған.
Кейінгі мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан сегіз адам зардап шеккен. Олардың жетеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Зардап шеккендердің басым бөлігі жарықшақ тиіп жараланған.
Ресей әскері Харьков пен Одессаға жасалған шабуылдардың салдары жайлы ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.
Украинаның дрон шабуылдары
9 тамызға қараған түні Ресейдің Белгород облысы, Краснодар өлкесі мен Башқұртстан аймағына дрон шабуылдары тіркелді. Әсіресе Белгородта шабуыл салдары ауыр болды дейді ресейлік билік өкілдері. Алдын ала мәлімет бойынша, бес адам қаза тауып, 25 адам жараланған.
Белгород облысы губернаторының міндетін атқарушы Александр Шуваев әуелде 3 адам қаза тапты деп хабарлаған. Кейін жедел штаб мәліметінен тағы екі адамның көз жұмғаны белгілі болды. Шуваев 25 адам зардап шекті деп айтты.
Шабуылдан зардап шеккендер арасында балалар да бар дейді билік өкілдері. Олардың дерегінше, кеуде тұсынан жарықшақ тиіп жараланған төрт жасар бала ауруханаға жеткізілген. Дрон шабуылы салдарынан жеке тұрғын үй мен екі көлік өртенген. Сонымен қатар кемінде төрт көпқабатты үйге, әкімшілік ғимаратқа, әлеуметтік және коммерциялық нысандарға зақым келген.
Уфада дрон салынып жатқан ғимаратқа құлады
Дрон шабуылы туралы Башқұртстан билігі де хабарлады. Ресей құрамындағы республиканың төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, дрондар Уфа қаласындағы кәсіпорындарды нысанаға алған.
Демский ауданында салынып жатқан тұрғын үйге дрон түскен. Билік мәліметінше, ұшқышсыз аппарат мұнаралы кранға тиіп, ғимараттың шатырына құлаған. Осыдан кейін өрт шыққан. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Уфаның мұнай өңдеу кәсіпорындары кейінгі бір аптада бірнеше рет дрон шабуылына ұшыраған. Тамыз айының 1-і мен 2-күндері "Башнефть-УНПЗ" және "Башнефть-Уфанефтехим" мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасалған. Ал 5 тамызда дрондар "Башнефть-Новойл" кәсіпорнын нысанаға алды.
Аталған үш зауыт Уфа мұнай өңдеу кешенінің құрамына кіреді. Кешен жылына шамамен 23,5 миллион тонна мұнай шикізатын өңдейді.
Новороссийскіде дрон сынықтары кәсіпорындар аумағына түсті
Краснодар өлкесінің Новороссийск қаласында да дрон сынықтары зардап әкелген. Қала мэрі Андрей Кравченконың мәліметінше, ұшқышсыз аппараттардың сынықтары Верхнебаканский кентіндегі екі кәсіпорынның аумағына және жеке тұрғын үйдің маңына түскен.
Салдарынан шаруашылық құрылысы өртенген. Өрт сөндірілген. Алдын ала мәлімет бойынша, Новороссийскіде адамдар зардап шекпеген.
Ресей билігі аталған өңірлердегі шабуылдардың салдары мен келтірілген материалдық шығын көлемі нақтыланып жатыр дейді.