Accessibility links

Украина Воронеж облысындағы Wildberries қоймасына, Орынбор облысындағы мұнай зауытына шабуылдады

"Орскнефтеоргсинтез" мұнай зауытына шабуылдаған сәт. 11 тамыз 2026 жыл.
"Орскнефтеоргсинтез" мұнай зауытына шабуылдаған сәт. 11 тамыз 2026 жыл.

Украина Ресейдің Воронеж облысындағы Wildberries логистикалық орталығына және Орынбор облысындағы "Орскнефтеоргсинтез" мұнай зауытына шабуылдады.

Воронеж облысы губернаторы Александр Гусевтің хабарлауынша, Новоусманск ауданында 49 жастағы ер адам қаза тауып, екі адам жараланған. Зардап шеккен екі адамның бірі көшеде, енді бірі ірі логистикалық орталық аумағында болған.

Гусев "дрон құлауынан ірі компанияның екі қоймасында өрт шықты" дейді. 16 мың шаршы метр қоймадағы өрт "сөндірілгені", 20 мың шаршы метрлік екінші қоймадағы өрт сөндіру "жалғасып жатқаны" айтылды. Бұған қоса, үш жүк көлігі, бір жеңіл көлік бүлінген.

Astra телеграм-арнасының жазуынша, Wildberries қоймалары Новоусманск ауданы Александровка ауылында орналасқан. Компанияның баспасөз қызметі Воронеж облысындағы логистикалық нысандағы қызметкерлер эвакуацияланды деді.

Украиналық Exilenova+ мен Supernova+ мониторинг каналдарының жазуынша, Орынбор облысы Орск қаласындағы (Украина шекарасынан 1400 км орналасқан) "Орскнефтеоргсинтез" мұнай зауытына шабуыл жасалған. Supernova+ каналы Орск қаласындағы "Механичесий зауытына" да соққы тиді дейді.

11 тамыз таңертең Орынбор губернаторы Евгений Солнцевв пен Орск мэрі Артем Воробьев аймаққа дрон қаупі төнгенін жазып, Орынбор мен Орскіде "Ковер" жоспары енгізілген.

"Орскнефтеоргсинтез" – Ресейдегі ең ірі мұнай зауыттарының бірі. Зауыт бензин, дизель, авиакеросин, мазут және май шығарады. Кешеннің жылдық өнімі – 6.6 млн тонна.

XS
SM
MD
LG