Accessibility links

Қазақстан мен ЕО КҚК арқылы мұнай тасымалдауды дамыту мүмкіндіктерін талқылады

Каспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумы

Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калласпен мұнай жеткізу мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Екі тарап телефон арқылы сөйлесіп, энергия ресурстарын жеткізудің халықаралық инфрақұрылымын, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) шеңберінде инфрақұрылымды одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне сөз еткен.

Көшербаев пен Каллас Украина Ресейдің Новороссийск портындағы КҚК инфрақұрылымы мен танкерлерге шабуыл жасалып, Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келген тұста сөйлесті.

Қазақстан батысында өндірілетін мұнайдың бір бөлігін КҚК арқылы Еуропаға тасымалдайды.

Шілденің ортасында Украина дрондары Новороссийск портына, КҚК-ға және мұнай танкерлеріне шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын біраз уақытқа қабылдауды тоқтатып, кейін қайта қабылдай бастаған.

Тамыздың басында Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК инфрақұрылымына шабуылды талқылаған. Осыдан кейін америкалық агенттіктер дереккөздеріне сілтеп, АҚШ-тың сұрауынан соң Украина Новороссийск портындағы Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасамауға келісті деп жазған.

1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді. Америкалық ірі компаниялар Chevron мен ExxonMobil Қазақстанның батысында өндірілетін мұнайдың басым бөлігін осы құбыр арқылы экспорттайды. Ал жалпы Қазақстан мұнайының 80% КҚК арқылы тасымалданады.

XS
SM
MD
LG