Accessibility links

Орталық Азия елдерінде жарық сөнді. Алматыда кептеліс болып, метро тоқтап қалды

14 тамызда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда жарық сөнді.

Қазақстан энергетика министрлігі "энергетикалық жүйеде қуат күрт артып, оған Орталық Азияның энергетикалық жүйесі тарапынан электр энергиясы ауысымының күрт өзгеруі себеп болды. Нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, кейбір өңірлеріндегі тұтынушылар ажыратылды" деп мәлімдеді.

Алматы қаласы, Алматы облысындағы Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген, Талғар аудандарында жарық сөнген. Алматы қаласында бағдаршамдар істемей кептеліс болып, метро тоқтаған. Кейбір алматылықтар су берілмей жатқанын да айтты.

Энергетика министрлігі KEGOC компаниясы электр энергиясын қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр деді.

Тәжікстанның Душанбе, Куляб, Ходжанд, Вахдат, Нурек, Гиссар, Шахринав қалаларында жарық сөнгені хабарланды. Ресми Душанбе жарық сөнгеннің себебін айтпады. Ал "Азия плюс" басылымының дереккөзі Нурек ГЭС-індегі агрегатқа ауыр жүктеме түсуі мүмкін деген.

Өзбекстан энергетика министрлігі елдің бірнеше облысы жарықсыз қалғанын хабарлады. Ведомство жарықтың сөнуіне көрші елдердің біріндегі апат себеп дейді. Министрлік жарық біртіндеп берілетінін айтады.

Ал Қырғызстанның Бішкек қаласы мен Ыстықкөл облысының тұрғындары жарық сөнгеніне шағымданды. Елде жарықтың сөнгеніне қатысты үкімет тарапынан әзірге ресми мәлімдеме болған жоқ. Бұған дейін энергетиктер 14 тамызда Бішкек пен бірнеше аймақта жоспарлы түрде жарық сөнетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG