АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды «түпкілікті жеңгеннен кейін» Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғайтын Ормуз бұғазын «АҚШ аумағы» деп жариялайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл «жақын арада» болады.
Нью-Йорк штатындағы полиция академиясында сөйлеген Трамп қазір бұғазды Иранды теңіз арқылы қоршауға алған АҚШ әскері бақылап отыр деп мәлімдеді. Ал Иран керісінше бұғазды өзі жауып отырғанын айтады. АҚШ пен Израиль ақпанның соңында Иранға соққы жасай бастағаннан бері Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы айтарлықтай қиындаған.
Трамп Ормуз бұғазын «АҚШ аумағы» деп атағанда нақты нені меңзегенін түсіндірмеді. Бұған дейін ол Гренландия мен Панама каналын бақылауға алғысы келетінін айтып, Венесуэланы «АҚШ-тың 51-штаты» деп атаған. Алайда бұл аумақтардың ешқайсысы АҚШ құрамына қосылған жоқ.
Трамп Иранмен қақтығысқа байланысты жанармай бағасының өсуіне америкалықтарды уақытша шыдауға шақырды. Оның айтуынша, АҚШ Иранды ядролық әлеуетінен айыру арқылы «бүкіл әлемге үлкен қызмет көрсетіп жатыр».
Кейінгі күндері Трамп Иранға жаңа соққы жасаймыз деп қоқан-лоқы көрсетудің орнына Тегеранға экономикалық қысым жасау туралы жиі айта бастады. Оның пікірінше, мұндай қысым Иранды келісімге келуге мәжбүр етеді.
Бұғаздағы дағдарыс тұсында әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 90 долларға жуықтады. Ал АҚШ-та бензиннің бір галлоны 4 долларға дейін қымбаттады. Бұл әдеттегі бағадан едәуір жоғары.