2026 жылдың алғашқы алты айында Ресейде "терроризмге" қатысты баптар бойынша сотталғандар саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда күрт өскен. "Первый отдел" жобасы мен Parubets Analytics бірлескен зерттеуінде жарты жылда кемінде 1234 адам сотталғаны айтылған.
Осы кезеңде соттар 1145 үкім шығарған. Бұл былтырғы алғашқы алты аймен салыстырғанда 58 пайыз көп. Күніне орта есеппен онға жуық үкім шыққан. Ал жарты жылда шыққан үкім саны 2024 жылдың бүкіл жылындағы көрсеткіштен де көп.
Сонымен бірге теракт жасау не оған оқталу айыбының үлесі екі есеге жуық азайған — 38,3 пайыздан 20,6 пайызға түскен. Бұл бап бойынша сотталғандар саны 292-ден 187 адамға азайды.
Бірақ терроризмге жария түрде шақыру, оны ақтау не насихаттау баптары бойынша сотқа тартылғандар көбейген. Бұл бап бойынша 487 адам сотталған. Ал ешқандай зорлық-зомбылық әрекеті бойынша айып тағылмай, тек осы баппен сотталғандар саны 357 адам болған. Бұл барлық сотталғандардың 29 пайызына тең.
"Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал" жобасының мәліметінше, кемінде 427 адамның, яғни сотталғандардың 35 пайызының ісінде саяси қудалау белгілері бар. Зерттеу авторлары бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін дейді. Өйткені соттар сотталғандардың үштен екісіне жуығының аты-жөнін жарияламайды.
Сотталғандардың арасында кемінде 243 Украина азаматы бар. Олардың қатарында әскери тұтқындар, соның ішінде "Азов" пен "Айдар" жауынгерлері, сондай-ақ Ресей басып алған аумақтардағы Украинамен ынтымақтасқан деп айыпталған бейбіт тұрғындар бар.
"Терроризм" баптары бойынша сотталғандардың 91,6 пайызы — ер адамдар. Ең жас сотталушы үкім шыққан кезде 16 жаста, ең үлкені 71 жаста болған. Басым көпшілігі нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған. Орташа жаза — 13 жыл, ал бірнеше іс бойынша тағайындалған ең ұзақ жаза — 29 жыл түрме.
Зерттеушілердің болжамынша, 2026 жыл Ресейдің қазіргі Қылмыстық кодексі қолданысқа енгізілгелі "терроризм" істері бойынша ең көп үкім шығарылған жыл болуы мүмкін. Олар "терроризм" баптары зорлық-зомбылық қылмыстарымен ғана байланысты болмай қалғанына назар аударады. Бір ғана "терроризм" бабы бойынша айып тағылғандардың 53,8 пайызы айтқан сөзі, желідегі жазбалары мен пікірлері үшін сотталған.
2025 жылы да мұндай істер саны өскен. Былтыр Ресей соттары "терроризм" баптары бойынша 2078 адамды кінәлі деп таныған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп.