Accessibility links

БАҚ: ЦРУ директоры Джон Рэтклифф Ресейге барып қайтқан

ЦРУ басшысы Джон Рэтклифф
ЦРУ басшысы Джон Рэтклифф

АҚШ орталық барлау қызметінің (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге барды. Құпия дереккөздерге сүйенген CBS және Axios басылымдары осылай жазды.

CBS жазуынша, Рэтклифф Мәскеуде ресми тұлғалармен кездесу өткізуі керек болған. Axios дерегінше, АҚШ билігі Украинадан Рэтклиффтің сапары кезінде Ресей аумағына соққы жасамауды сұраған.

The Wall Street Journal Рэтклиффтің сапарының бірнеше себебі болуы мүмкін деп топшылайды: ықтимал мобилизация, Украинаның Ресей аумағына шабуылын күшейтуі, Иранмен соғыс немесе Мәскеудің НАТО мүшелеріне қарсы ықтимал арандату әрекеттері.

АҚШ пен Ресей билігі әзірге Рэтклиффтің Мәскеуге сапарына түсініктеме берген жоқ.

Мәскеу әуежайларының бірінде АҚШ әуе күштерініңBoeing C-17A ұшағы және дипломатиялық кортеж байқалғаннан кейін сапар жөнінде хабар пайда болды.

Бұл – Рэтклиффтің ЦРУ басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапары. Бұрын ол ресейлік әріптестерімен байланыста болған деп айтылады. CBS жазуынша, ол 2025 жылы сәуірде АҚШ және Ресей азаматы Ксения Карелинаның босатылуына жетекшілік еткен.

Тамыз айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ “алдағы апталарда” Ресей мен Украина арасындағы келіссөзді жандандыруға бола ма, болмай ма, сол мәселені анықтауға күш салатынын айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG