Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік нысандар салу үшін Ұлттық қордан ақша алатынын мәлімдеді. Осыдан соң үкімет 2027-2029 жылдары бұл қордан 11,9 трлн теңге алынатынын жариялады. Қазір қорда 30 трлн теңгедей ақша жатыр. Сарапшы ұлттық қордың ақшасын пайдалану ұлттық қауіпсіздікке қатер дейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елді үлкен құрылысқа айналдырып, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандарды көптеп салу керегін" айтты. Бұл құрылыстар үшін ол ұлттық қордың ақшасын пайдаланатынын мәлімдеді.
"Ақшаны халықтың игілігіне пайдалануға болатын болса, оны құнды қағазбен шетелде несін ұстаймыз? Мен бұл ақшаның үстіне итше жатып алып, жұмсамай отыруға қарсымын. [Ұлттық қордағы] қаржы халыққа қызмет етуі керек" деді Тоқаев 23 тамыз Құрылтай сайлауы күні.
Президенттің осы сөзінен соң үкімет алдағы үш жылда ел бюджеті үшін ұлттық қордан 11,9 трлн теңге алынатынын (қазіргі курспен 26 млрд доллар) мәлімдеді. Яғни, үкімет 2027 жыл – 4,43 трлн теңге, 2028 жыл – 3,93 трлн теңге, 2029 жыл 3,5 трлн теңге алуды жоспарлайды.
Биылғы есеп бойынша, ұлттық қордағы қаражат 65 млрд доллардан (29,77 трлн теңге) асады. Үкімет ұлттық қордан ақша алынса да, 2029 жылы қорда 70,6 млрд доллар (32,33 трлн теңге) жатады деп отыр.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ АҚША АЛЫНҒАН
Ұлттық қорды 2000 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған. Қордың мақсаты – келешек ұрпақтың игілігіне ақша жинау. Билік 2030 жылы қорда 100 млрд доллар жатады деп болжаған.
2019 жылы коронавирус кезінде Қазақстан үкіметі экономикаға түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін ұлттық қордан ақша алып, табыссыз қалған адамдарға 42500 теңгеден таратқан еді. Яғни, 2020 жылы ұлттық қордан бөлінген кепілді трансферттің көлемі 2,07 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін көбейген. Қазақстан үкіметі пандемиядан кейін де қор қаржысын бюджет бағдарламаларын орындауға бірнеше рет пайдаланды.
Бұған қоса, Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бастап 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына ұлттық қордан ақша аудара бастады. Тоқаевтың 26 тамыздағы мәлімдемесіне қарағанда, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылған.
"ҰЛТТЫҚ ҚОР - МЕМЛЕКЕТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚАЖЕТТІ МЕХАНИЗМНІҢ БІРІ"
Азаттық биліктің ұлттық қордан ақша алу бастамасын экономист Айман Тұрсынханмен талқылады.
Азаттық: Үкімет ұлттық қордан ақша алатындай қазір бюджеттегі жағдай тым қиын ба әлде президент Тоқаев айтқандай ұлттық қордың ақшасын әлеуметтік нысандар салуға пайдалану шынымен пайдалы бола ма?
Айман Тұрсынхан: Негізі ұлттық қордың қарарына сай, өте ірі инфрақұрылым жобаларды ұлттық қордың ақшасынан қаржыландыруға болады. Бірақ инфрақұрылымдағы, ескірген желілерде жиналып қалған мәселелерді шешуге ұлттық қордың ақшасы жетпейді. Егер мемлекет ылғи инфрақұрылымға инвестиция салуда белгілі бір монополиялық позиция ұстанып отырса, алысқа бармайды. Бұл жерде біз тағы да мемлекеттің жоспарлы экономикасын көріп отырмыз. Яғни, бұл – кейнсиандықтардың (Экономист Джон Мейнард Кейнстің идеясын ұстанатындар. Кейнсиандық экономика - экономика дағдарысқа түскен кезде мемлекет экономикаға белсенді араласуы саясаты - Ред) дағдарысқа қарсы шаралары. Бұған қоса, мемлекет ұлттық қордан ақшаны тікелей алып, инвестицияға құймайды. Бұл жерде оператор, мәселен, "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық қоры. Ақша алдымен осы қорға беріледі. Ал "Бәйтерек" бұл қаржыны бөлу процесі ашық емес, тендер қалай өтетіні, құрылыс салатын компания қалай таңдалатыны айтылмайды. Егер барлық жобалар дәл бөлініп, мақсаты, кім төлейтіні, ақшаның келген көзі белгілі болса көп жайт түсінікті болар еді. Бізде біраз түсініксіз. Себебі 30 жыл бойы елде инфрақұрылымды дамытуға арналған түрлі бағдарламалар болды. Оған мемлекеттік бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де ақшалар бөлінді. Тендер кезінде де көп ақша жымқырылғанын білеміз. Мені алаңдататыны, мемлекет инфрақұрылымдар құрылысы саласын монополиялап алып, артта қалған технологиялармен сапасыз жолдар салып, тиімсіз шешімдер қабылдайтыны. Бұған ұлттық қордың ғана емес республикалық және жергілікті бюджеттен де ақша жұмсап жатыр. Кейін осы инвестицияны толық қайтару үшін тарифтерді көтереді. Егер мұның бәрі ашық болып, бәсекеге негізделсе бұлай болмас еді.
Азаттық: Үкімет 2027-2029 жылдары ұлттық қордан 11,9 трлн теңге алынатынын, бірақ 2029 жылы ұлттық қор қаржысы өсетінін айтады. Бұл мүмкін бе?
Айман Тұрсынхан: Үкімет үш жылда алған ақшаны сондай қарқынмен толтыруы керек. Ұлттық қорға пайдалы қазбалардан бөлек, түрлі келісімдерден, мемлекеттік мүліктерді, жерді сатудан түсетін қаржы құйылады. Демек Ұлттық қордан қазір ақша алу мемлекеттік несие төлеу рейтингін төмендетеді. Яғни, "бұл қауіпсіздік жастығы" кетсе кредиттік рейтингімізХалықаралық S&P, Fitch, Moody's рейтинг агенттіктерінің мемлекеттің қарызын қайтару қабілетін бағалайтын шкаласы. Ең жоғары сенімді елдерге ААА, А рейтингі беріледі. Ал ВВВ инвестицияға лайық, тәуекелі төмен деп есептеледі. В- дефолт қаупі төнген деңгей.түсіп кетуі мүмкін. Мысалы, сіз банкке барып кредит алғыңыз келді дейік. Сізде зейнетақы қоры, депозитіңіз болса сізде несиені арзан ставкамен беруі мүмкін. Ал сізде мұның бәрі жоқ болып, төлем қабілеті қарыз алушы болып келсеңіз өте жоғары ставкамен аласыз. Міне, Қазақстанда "қауіпсіздік жастығы" болмаса осындай жағдай күтіп тұр. Егер ұлттық қорды инвестицияға ақша алса, өте консервативті жолмен пайдалану керек. Яғни, алынған ақша тез оралуы тиіс. Яғни, жылдам пайда әкелетін жобалар болуы керек. Бірақ инфрақұрылымға салынған ақша тез қайтпайды. Инфрақұрылым – кемі 10-15 жылда қайтатын инвестиция. Сондықтан ұлттық қордан бұлай ақша ала салу өте қауіпті. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей соққы.
Азаттық: Демек ұлттық қордағы ақшаны қазір тиіспей сақтап, өсірген дұрыс қой?
Айман Тұрсынхан: Ұлттық қордағы ақша – мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажетті механизмнің бірі. Яғни, ұлттық қордағы ақшаны толық пайдаланып тастау қауіпті. Неге? Себебі алтын-валюта резерві, ұлттық қордағы ақша төтенше жағдайларға, Құдай сақтасын, бірақ қандай да бір табиғи апат болса не одан да жаман – сауда эмбаргосы, әскери басқыншылық болса, [ұлттық қордағы] ақша форс-мажор уақыттарында халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне, медициналық көмекке, адамдардың өмірін қорғауға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жетуі тиіс. Біз коронавирус пандемиясы кезінде адамдар өз бетінше ақша табу мүмкіндігінен айырылғанда репетициядан өттік. Қазір айналамызда, соның ішінде Еуразия экономика одағына мүше елде қақтығыс болып жатыр. Халықаралық стандарт бойынша, елдердің алтын-валюта қоры түрлі жағдай болса үш айға есептелуі керек. Бірақ, өкінішке қарай, қақтығыстардың уақыты үш айдан асып кетті. Ковид пандемиясының салдары екі жылдан аса әсер етті. Украинадағы соғыс бес жылға ұласты, қашан аяқталарын да ешкім білмейді. Ормуз бұғазындағы жағдай да біздің экспортымызға әсер етіп жатыр. Мұндай жағдайлар жиі болып жатыр. Сондықтан бізге "қауіпсіздік жастығы" осы үшін керек.