Журналистердің парламент кулуарында депутаттарға сұрақ қоюына тыйым салынды. Құрылтай бюросы БАҚ өкілдері парламент ғимаратында депутаттарға тек баспасөз конференцияларында және тек күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ғана сұрақ қоя алады деп шешті. Бұл туралы журналистерге парламент мәжілісі аппарат басшысының орынбасары Болат Кальянбеков айтты.
"Депутаттар кесте бойынша шығады. Сіздерде депутаттарға тек баспасөз орталығында ғана сұрақ қою мүмкіндігі бар. Бүгін депутаттар шықпайды. Бұл өзгерістер "Масс-медиа туралы" заңға сәйкес қазіргі аккредиттеу ережелеріне сәйкес қабылданды", — деді Болат Кальянбеков журналистерге.
31 тамызда тілшілер депутаттар жүрген жаққа өте алмады. Парламент отырысы кезінде БАҚ өкілдері баспасөз залында болды, ол аяқталған соң депутаттарды жолықтырамыз деп ғимараттың бір қанатына қарай барғанымен, онда есік жабық тұрғанын көрді. Журналистер есікті қағып, ашуды талап еткенімен, ешкім есік ашпады. Тілшілер мен операторларды 20-30 минут күткеннен кейін ғана шығарды. Бұл уақытта дәлізде депутаттар болған жоқ.
Қызыл лентаның ар жағынан тілдескен Кальянбеков регламентке сілтеді.
"Бұл — мемлекеттік органның регламенті, оны депутаттар қабылдайды. Мемлекеттік орган журналистер келетін іс-шараны өткізетін орынды өзі айқындайды. Құрылтай ғимараты — режимдік объект, мұнда күзетілетін тұлғалар мен күзетілетін кабинеттер бар. БАҚ үшін іс-шара өткізілетін орын ретінде біз баспасөз орталығын белгілейміз. Басқа ғимарат болмайды", — деді ол.
Журналистер баспасөз жұмысындағы өзгерістерге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуованың Құрылтайға өтуінің қатысы бар-жоғын сұрады. Кальянбеков бұл сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. Ол депутаттармен эксклюзив сұхбат жасау үшін партиялардың сайттарындағы байланыс нөмірлеріне хабарласу керегін ескертті.
"Депутаттың өзі ықылас білдірсе, сіздерге жауап береді", — деді ол.