Accessibility links

Атырауда журналист Олеся Вертинская үйқамаққа жіберілді

Журналист Олеся Вертинская
Журналист Олеся Вертинская

3 қыркүйекте Атырауда полиция журналист Олеся Вертинскаяны ұстап, күштеп бөлімшеге жеткізген. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода полиция қызметкерлерінің оны тартқылап, кішкентай баласынан айырып, көлікке мәжбүрлеп отырғызғаны көрінеді.

“Ұсталмай тұрып, ол видео жариялады. Онда өзіне қарсы іс ойдан құрастырылғанын егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл арандату. Олеся бір адамды қағып кеткен-мыс. Оның көлігі тұрды, ал ер адам барынша өзін “қақты” деп көрсетуге тырысып бақты. Оны ұстау кезінде адвокаты болмады” деп жазды журналист Динара Егеубаева.

Ізінше атыраулық пабликтер жергілікті полицияның түсініктемесін жариялады. Атырау полиция департаментінің хабарлауынша, Вертинская қылмыстық іс бойынша жауап беруге бірнеше рет шақырылған, алайда ведомствоның хабарлауынша, журналист бөлімшеге бармаған. Сол себепті оны күштеп жеткізу туралы қаулы шығарылған. Полицияның хабарлауынша, қаулымен таныстыру мен оны орындау кезінде ол “полицияның заңды талабына бағынбаған”.

Желіде кейбір қолданушылар полицияның әрекетіне наразы болып, “неге оны қылмыскер сияқты ұстайды? Бала бетонға құласа не болады?...” деп жазды. Кейін журналистің босатылғаны белгілі болды. Ол сот-медициналық сараптамасынан өткен.

Бейсенбі күні Атырау сотының журналист Олеся Вертинскаяны 107-бап бойынша (Денсаулыққа орташа зақым келтіру) екі айға үйқамаққа жібергені белгілі болды.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы журналистке күш қолдану мен үйқамаққа жіберілуіне реакция білдірді. Қор өкілдері журналистке тағылған айып пен істің мән-жәйі ресми түрде анық емес екенін жазды.

"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық қор адамның бостандығын айтарлықтай шектейтін бұлтартпас шаралары орынды, негізделген және нақты тәуекелдерге сәйкес болуы керек деп санайды. Күдіктінің жасырынуы, тергеуге кедергі келтіруі немесе заңсыз әрекетті жалғастыруы мүмкін екендігіне сенімді түрде негіз болмайынша үйқамақты қолдану ерекше мұқият негіздеуді талап етеді" деп жазылған қор хабарламасында.

Олар сонымен бірге полицияға күштеп жеткізу де "жағдайға қатаң сай болуы және қажетті шектен аспауы керек" деді.

Қор өкілдері журналистке шығарылған сот қаулысы мен қылмыстық істің мән-жайы жөнінде ресми орындарға сұрау салғанын айтты. Қор құжаттарды алғаннан кейін оқиғаға құқықтық баға бермек.

Айдар
XS
SM
MD
LG