Accessibility links

Прокурор "Ақорданы басып алмақ болды" деп айыпталған бес адамға 8 жыл түрме жаза сұрады

"Ақорданы басып алу ісі" бойынша айыпталған белсендінің бірі Қайсар Өзбек.
"Ақорданы басып алу ісі" бойынша айыпталған белсендінің бірі Қайсар Өзбек.

Алматы қаласы Алмалы ауданының қылмыстық сотында "Ақорданы басып алмақ болды" деп айыпталған алты белсендіге прокурор сегіз жыл түрме жазасын сұрады. Бұл туралы 4 қыркүйекте құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай, Дүйсенбек Жақашев, Қайсар Өзбек және Талғат Әшіров 2025 жылы маусымда ұсталып, содан бері ҰҚК-ның тергеу изоляторында отыр. Сот процесі биыл ақпанда басталған еді.

Бесеуіне "топ болып билікті күшпен басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттады, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды" деген айып тағылған. Қайсар Өзбек пен Талғат Әщіровке "жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау" айыбы қосымша тағылған.

Тергеу актісіне қарағанда, бесеуі 2025 жылы қыс-көктемде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, Ақорданы басып алуды жоспарлаған, сол үшін адамдар іздеп, қару-жарақ жайын және жолдарды жабу жағын ақылдасқан. Тергеу тарабы "олар 27 сәуірде президент резиденциясының аймағын қарауылдап, кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қажетті радиоқабылдағыш, дауыс ұлғайтқыш және басқа да заттар сатып алған" дейді.

Сот процесі жабық өтіп жатыр. Айыпталушылар тағылған айыпты мойындамайды.

Тағайдың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сотталушылар – жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыратындай қаржыcы да, құрылымы да болмаған қарапайым жұмысшылар.

Қайсар Өзбек 2022 жылы Қаңтар оқиғасына қатысып, Қазақстанға ҰҚШҰ әскерилерін кіргізуге қарсы шыққан. Асқар Нұрмаған бұған дейін митингілерге қатысып, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған. Әбдуәли Тағай 2016 жылы жер митингілерінде және 2019 жылы Қытай инвестициясына қарсы наразылықтарға қатысқан.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше адам Ақорданы басып алмақ болды деп сотталған. Мәселен, 2024 жыоы алты адам "Трактор ісі" бойынша түрмеге кесілген. Тергеу алты адам трактормен Ақорда аумағына кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген.

XS
SM
MD
LG