19 қыркүйекте Жапонияның Аичи және Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатын қазақстандық боксшылардың тізімі жарияланды.
55 келіде былтырғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Азия чемпионы 24 жастағы Махмұд Сабырхан барады. Оның туған інісі 20 жастағы Төрехан Сабырхан (2025 жылғы әлем чемпионы) 70 келіде жүлдеге таласады.
Сондай-ақ егіздер Нұрбек Оралбай (90 келі) және Айбек Оралбай (+90 келі) де Азия ойындарына қатысады. Нұрбек 2024 жылы Париж олимпиадасында күміс жүлде алған. Ал Айбек 2025 жылғы әлем чемпионы.
Бұған қоса, 60 келіде Оразбек Асылқұлов (биылғы Азия чемпионы) және 80 келіде Сабыржан Аққалықов Азия ойындарында рингке шығады.
Әйелдер арасында Азия ойындарына Алуа Балқыбекова (51 келі, 2025 жылғы әлем чемпионы), Назым Қызайбай (54 келі, Париж олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы), Виктория Графеева (60 келі, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері), Аида Әбікеева (65 келі, 2025 жылғы әлем чемпионы) және Наталья Богданова (75 келі, 2025 жылғы әлем чемпионы) барады.
2018 және 2022 жылғы Азия ойындарында Қазақстан бокстан алтынсыз қалған еді. 2018 жылы екі күміс, 2022 жылы екі күміс және үш қола медаль иеленген. Ал 2014 жылы алты алтын медаль жеңген.
Биылғы Азиадада Қазақстанның басты қарсыласы Өзбекстан, Таиланд, Жапония, Қытай, Солтүстік Корея боксшылары болмақ.