1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік көмек алу мерзімі алты айдан үш айға қысқарады. Пилоттық жаңа механизмді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі хабарлады.
Өзгеріске сай, жәрдемақы алу мерзімі адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты болмақ. Мысалы, адам алты айдан 12 айға дейін әлеуметтік көмек жүйесіне ақша аударып келсе көмек бір ай, ал бір жылдан екі жылға дейін қатысып келсе екі ай, Ал екі жылдан аса уақыт қатысса үш ай әлеуметтік төлем ала алады.
Төлем сомасы да өзгереді. Ең жоғарғы төлем жеті ең төменгі жалақының 45 пайызы болады. Яғни, ең көп дегенде 268 мың теңге беріледі. Бұрын 360 мың теңгедей беріліп келген.
Көмек алушы адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Жұмыс беру орталығы үш рет жұмыс ұсынады, ал адам үш ұсыныстан бас тартса, есептен шығарылып, төлем тоқтайды. Үш айда жұмыс табылмаса жәрдемақы қайта төленбейді. Жұмыс ұсынғанда мамандығы, тәжірибесі, денсаулық жағдайы, жұмыс орнына жету жағы ойластырылуы тиіс.
Үш ай ішінде жұмыс табылмаса жұмыссыз адамға басқа кәсіп меңгеру, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыстар ұсынылады не жеке кәсібін ашуға көмек беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ереженің өзгеруін «көлеңкелі схемаларды анықтау» дейді. Оның сөзінше, жұмыссызбын деп тіркелген адамдар екі мың доллардан жоғары жәрдемақы алған жағдайлар болған. Министрлік бұл өзгеріс ақша үнемдеу емес, керісінше, жұмысқа орналасу механизмін жетілдіру дейді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші жартысында елде 445 мыңдай жұмыссыз тіркелген. 1 тамыздағы есеп бойынша, 287 мыңнан аса адам жұмыссыз ретінде төлем алған. Айына орташа есеппен 101 мың теңге төленген.