13 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанда өткен "аутрич"/"БРИКС плюс" саммитінде жасанды интеллект жөнінде серіктестікті іске қосуды ұсынды.
"Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады" деді ол Нью-Делиде өткен саммитте.
Президент Тоқаев кейінгі жылдары ЖИ туралы бастамаларды жиі көтеріп жүр. Былтыр қыркүйекте ол жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрған. Сол жылы қазан айында ол үкіметке жасанды интеллект университетін ашуды тапсырды.
Қазақстан ЖИ жөніндегі халықаралық бастамаларға да қосылған. Атап айтқанда, Астана АҚШ бастаған Pax Silica декларациясына да, Қытай бастаған WAICO ұйымына да мүше болып отыр.
14 тамызда Reuters агенттігі АҚШ қос ұйымға да мүше елдерге хат әзірлеп, бір жақты таңдауға үндегелі отырғанын хабарлаған. Әзірге мұны ресми тараптар растай қоймады.
БРИКС ұйымын 2009 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай елдері құрған. Ол кезде БРИК деп аталатын. Кейін мүшелерінің саны артып, атауына түзету енді. Қазір оған аталған төрт елден бөлек ОАР, Египет, Индонезия, Иран, Эфиопия, БАӘ мүше. Қазақстан 2025 жылдан бері БРИКС серіктесі болды.
2024 жылы Тоқаевтың сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстан БРИКС-ке мүше болуға өтініш бермейтінін мәлімдеп, Астана БҰҰ-ға басымдық беретінін меңзеген.
Нью-Делиде өткен саммитте Қазақстан президенті дәл осы БҰҰ туралы тағы пікір білдірді.
"БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек" деді ол.
Ол бұл сөзін бұған дейін бірталай мәрте айтқан.
"Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады" деді Тоқаев.