Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігінің Алматыдағы департаменті прокуратураның және Интерполдың көмегімен Түркиядан The Finiko қаржы пирамидасының бөлімше бастығын қайтарды. Ол 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген. Бұл туралы агенттіктің өзі мәлімдеді.
Агенттіктің хабарлауынша, The Finiko кәсіпкерлікпен немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Ұйымдастырушылар алдыңғы қатысушыларға уәде еткен ақшаны кейінгі салымшылардың қаражаты есебінен беріп отырған. Осылайша табысты көрінген компания пирамида қатарына көп адамды тарта білген.
"Күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты тартылған. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынды. Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Тергеу жалғасып жатыр " деді ҚМА.
Vlast.kz басылымының хабарлауынша, The Finiko 2021 жылғы шілдеде қаржы пирамидасы деп танылған. Компания салымшылар құйған ақшаға (ең аз салым – 500 доллар) ай сайын 150 пайыз көлемінде сыйақы беретінін айтқан. Басылым компания сайтындағы ақпаратқа сілтеп, салымшылар саны 156 мыңнан асқанын жазды. Салымшылар арасында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Түркия және өзге елдердің азаматтары бар.