Accessibility links

Кореялық корпорация Алатау қаласының бас жоспарын дайындауға қатыспақ

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алған сәт. Сеул. 15 қыркүйек 2026 жыл.
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алған сәт. Сеул. 15 қыркүйек 2026 жыл.

Оңтүстік Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қала құрылысы жобаларын дамыту корпорациясы (KIND) Қазақстанда салынатын Алатау қаласының бас жоспарын әзірлеуге атсалысады. Бұл келісімге 15 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапары кезінде қол қойылды.

Тоқаев бастаған делегация Кореяның ірі компанияларымен кездесіп, бірнеше инвестициялық жоба таныстырылды. Мәселен, QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan компаниялары Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу туралы келісті.

Бұған қоса, Корея тарабы Тоқаевқа медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагноистика жүйелерін шығару, Алматыда кореялық медициналық технологиялар қолданылатын көпсалалы аурухана салу, дрондар құрастыру сияқты жобалар таныстырды.

Кездесуде KIND корпорациясының Қазақстандағы көлік-логистика жүйелерін жөндеуге, Ақтау, Құрлық порттарын дамытуға, өңірлерде әуежайлар салу мен жөндеу жүргізу мүмкіндіктері де талқыланды.

Қазақстан президенті Тоқаев қазір Оңтүстік Кореяда мемлекеттік сапармен жүр. Ол Сеулде өтетін Корея+Орталық Азия саммитіне де қатыспақ.

  • 2024 жылы қаңтарда президент Тоқаев Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымдай жерде орналасқан, әкімшілік тұрғыда Алматы облысының Іле ауданына қарайтын 25 мың халқы бар Жетіген ауылын қайта құру туралы жарлыққа қол қойып, елді мекен Алатау қаласына айналған. Жаңа Конституцияда бұл қалаға жеке статус берілген. Жаңа қаланың құрамына көрші жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа арна ауылдары қосылды. Бұл ауылдарда жалпы саны 50 мыңға тарта адам тұрады.
  • Жоспарға сәйкес, Алатау қаласының аумағы 88 мың гектар деп жоспарланған. Инвестициялық портфелі – құны 1,8 трлн теңге болатын логистика, агроөңдеу, креативті индустрия салаларындағы 44 жоба. Билік онда 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтады.
XS
SM
MD
LG