Accessibility links

Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың ісі жабық қаралады. Ол істі "Ресейдің тапсырысы" дейді

Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотта отыр. Алматы. 16 қыркүйек 2026 жыл.
Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотта отыр. Алматы. 16 қыркүйек 2026 жыл.

16 қыркүйекте Алматыдағы Медеу ауданының сотында Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцовтың ісі қарала бастады. Оған "Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" (296-баптың 4-бөлігі бойынша) айыбы да тағылған.

Воронцов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Сот процесі алдында ол "Азаттық Азия" тілшісіне "Меніңше, бұл – Ресей тарапынан түскен саяси тапсырыс. Бұл – заңсыз қылмыстық қудалау" деді.

Бұрынғы діни қызметкер Украинадағы соғысты қолдап, Ресейдің әрекеттерін сынап жүрген.

Сот басталардан бірер күн бұрын Воронцовқа тағылған "Есірткі притонын ұйымдастыру" айыбы алынып тасталған.

Алғашқы сот отырысында прокурор "куәгерлер қауіпсіздігіне алаңдайды" деп, сот процесін жабық өткізуді сұрады. Айыпталушының адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған қарсы шықты.

"Сотта кәмелетке толмағандар ісі қаралса, мемлекеттік құпия мен интимдік жағдайлар болса ғана жабық режимде өту керек. Бұл істе мұндай жағдайлар жоқ" деді адвокат.

Судья кеңесу бөлмесіне кетіп, қайта оралған соң сот жабық өтеді деп жариялады. Осыдан соң Воронцов бұған қарсылық ретінде аштық жариялап, тек су ішетінін мәлімдеді.

40 жастағы Воронцов биыл 13 ақпанда "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен әуелі 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат салынған үш пакет табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол 23 ақпанда 10 күндік қамаудан босап шығуға тиіс еді, алайда сол күні таңертең оны тергеушіге жауап беруге әкеткен. Адвокатының айтуынша, сол кезде оны "есірткі притонын ұстаған" және "сату мақсатын көздемей есірткі заттарын сақтаған" деген күдікпен екі айға қамаған.

Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін өзі ұсталды.

Воронцов қамауда болған кезде билік оны мәжбүрлеп емдеуге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға бір айға жатқызды. Сол кезде қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады деп хабарлаған. Кейін оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырды.

XS
SM
MD
LG