Accessibility links

Экс-депутат Бақытжан Базарбек көлікпен қаққан ер адам ауруханадан шықты

Экс-депутат Бақытжан Базарбек (сол жақтан санағанда төртінші) қаққан Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты. Жамбыл облысы. 16 қыркүйек 2026 жыл.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек (сол жақтан санағанда төртінші) қаққан Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты. Жамбыл облысы. 16 қыркүйек 2026 жыл.

Бұрынғы парламент депутаты Бақытжан Базарбек мінген көлік Жамбыл облысында жол апатына ұшырап, салдарынан қатты зардап шегіп, бір айдай ауруханада жатқан 36 жастағы Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты. Бұл туралы экс-депутат Facebook парақшасында жазды.

Базарбек "Қошанов алдағы 15 күн бойы Астанада оңалтудан өтетінін" айтады.

Жол апаты 2026 жылғы 15 тамыз кешке Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" халықаралық автожолда болған. Ақпаратқа қарағанда, бір топ ер азамат тасжолдан автокөлік соғып кеткен сиырды шетке сүйреп шығарып тастауға тырысып жатқан кезде Бақытжан Базарбек басқарған жеңіл көлік Қошановты қағып кеткен.

Зардап шеккен ер адам Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Сол кезде дәрігерлер оның басына қатты зақым келіп, аяқ-қолы сынғанын, денсаулық жағдайы өте ауыр екенін хабарлаған. Жамбыл облысының полиция департаменті жол апатына байланысты іс қозғаған.

Бақытжан Базарбек "жол апатынан зардап шеккен Қошанов пен туыстарына қолдау көрсетіп, бір ай бойы жандарында болғанын" жазған.

XS
SM
MD
LG