Қазақстан Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының екінші күні, яғни 21 қыркүйекте бір күміс және бір қола медаль иеленді.
Каратэнің кумите түрінен Әсел Қанай (суретте) 61 келіде күміс медаль иеленді. Ол финалда қытай спортшысы Ли Гуннен жеңілді.
Жарыстан соң Әсел журналистерге берген сұхбатында "Екінші рет Азия ойындарында алтын ала алмадым. Қытай мен Жапония спортшысына дайындалған едік. Бағым мен бабым қатар шаба ма деп ойладым, бірақ болмады" деп көзіне жас алды.
Қанай 2022 жылғы Азия ойындарында қола медаль иеленген еді.
Аралас жекпе-жектен (ММА) Санжар Әділов қола медаль иеленді. Ол 65 келіде жартылай финалда тәжікстандық Отабек Раджабовтан жеңілді. Осылайша Әділов қола жүлдегер атанды.
Азиаданың алғашқы күні, 20 қыркүйекте Қазақстан бірден төрт алтын иеленген еді. Велоспорттан Алексей Луценко мен Рината Сұлтанова, каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Азия ойындарының чемпионы атанған.
Қазір Қазақстан 4 алтын, 1 күміс, 3 қоламен 4-орында келеді. Алғашқы үштікте Қытай (23 алтын), Жапония (8), Оңтүстік Корея (5) тұр.
Өзбекстан 1 алтын, 1 күміс, 1 қоламен 9-орында, Қырғызстан 3 қоламен 20-орында, Тәжікстан 1 қоламен 25-орында келеді.