24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, 19 әскери қызметкер суға кеткен. Олардың бірнешеуі қаза тапты, қалғандары іздестіріліп жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек елде қаралы күн деп жарияланды. Оқиғаның анық-қанығы.
Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы апаттан тоғыз әскери қызметкер қаза болғанын хабарлады.
Ресми хабарламада "Алдын ала мәлімет бойынша, толқын 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазір оның 9-ы, өкінішке қарай қаза болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр" деп жазылған.
Ал Ақтаудағы Lada.kz басылымы оқиға орнында жүрген тілшісіне сүйене отырып, іздеу-құтқару жұмысы кезінде тағы екі әскери қызметкердің сүйегі судан шығарылғанын жазды. "Атамекен" телеарнасы қаза болғандар 12-ге жеткенін хабарлады. Бірақ дереккөзін айтпады. Қорғаныс министрлігі бұл ақпараты әзірге ресми түрде растамады.
Іздеу-құтқару жұмыстарына әскери-теңіз күштерінің, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да қызметтер жұмылдырылды.
Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанған. Ведомство қаза болғандар азаматтардың отбасына көңіл айтып, тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Үкімет жанынан да арнайы комиссия құрылды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонында әскери жаттығу кезінде опат болған сарбаздардың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел тергеу тобы құрылды. Тергеушілер оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тиісті сараптама жүргізілетіні айтылды. Бас прокуратура тергеу ерекше бақылауда болатынын хабарлады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилердің туыстарына көңіл айтып, үкіметтік комиссияны оқиғаның мән-жайын анықтауды және қаза болған әскерилердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды. Бұған қоса, президент 25 қыркүйекті қаралы күн деп жариялады.
Қорғаныс министрлігі "қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілетінін" хабарлады.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Қазақстанға Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскерилердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.
ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Қорғаныс министрлігі 22 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық секторында "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. Жаттығу жиынына қарулы күштер әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков басшылық ететіні айтылған.
Ведомство оқу-жаттығу жиынына 500-ден аса әскери қызметші, әскери кеме экипаждары, жаалау бөлімшелері, ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті, әуе қорғанысы күштері қатысып жатқанын мәлімдеген.
Ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, оқиға болған жерде жел екіпіні қатты, теңізде толқын күшті. 24kz телеарнасының оқиға орнынан хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығы іздестіру жұмыстарына кедергі жасап тұр.
"Қазгидрометтің" мәліметі бойынша, екінші күн қатарынан Маңғыстау облысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
2015 жылы да Ақтаудағы "Орталық - 2015" оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметкер суға кетіп қаза болған еді. Сол кезде алты БТР-80 көлігі мен 52 әскери қызметкер теңізге шығып, қатты желдің салдарынан көліктер суға батып кеткен. Төрт сарбаз да опат болған. 2016 жылы күзде Ақтау гарнизон соты алты офицер мен әскери қызметкерді "жаттығу жүргізу ережесін бұзғаны үшін" 2,5 жылға дейін түрмеге кесті.