Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов украиналық "Миротворец" сайтының базасына енгізілді. Бұл база Жүсіпов Геннадий Головкинді қолдады дейді.
Жүсіпов бұған дейін "Халықаралық спорт ұйымының шешімін Головкиннің шешімі деп қарауға болмайды. Ресей спортшылардың туымен және әнұранымен жарысқа қатысу шешімі халықаралық ұйымның құзырында және Халықаралық олимпиада комитетінің ұсынысын ескеріліп қабылданады... Спорт адамдарды біріктіріп, достық пен сыйластықты насихаттауы керек, саяси құрал болмауы тиіс" деп жазған еді.
"Миртворец" Жүсіповтің бұл жазбасын "Ресей нарративін қолдау" деп есептейді.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин де украиналық "Миротворец" сайтының базасына енгізілген. Бұған Головкин басқаратын World Boxing ұйымының ресейлік боксшыларға халықаралық жарыстарға Ресей туымен қатысуға рұқсат бергені себеп болған.
"Миротворец" базасындағы жазбада Головкинге қатысты "Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын және украин азаматтарын өлтіруін қолдады" деген анықтама берілген.
Головкин де, Жүсіпов те "Миротворец" тізіміне енгені жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ.
Тамыз айының басында халықаралық World Boxing федерациясы Ресей спортшыларына бұрын енгізілген барлық шектеулерді алып тастады. Енді Ресей боксшылары барлық жас санатында халықаралық турнирлерге ұлттық рәміздерімен қатыса алады. World Boxing 2028 жылғы Олимпиада ойындарында бокс жарысын ұйымдастырады.
Ұйым мәлімдемесінде "атқарушы комитет ресейлік спортшылардың өзге ұлттық федерациялар өкілдерімен тең жағдайда жарысқа қатысатынын мойындады, алайда Ресей делегацияларының шаралар кезіндегі іс-әрекеті мен допингке қарсы талаптардың сақталуын қатаң бақылауда ұстайтын болады" делінген.
Ресейдің спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Михаил Дегтярев әлеуметтік желіде бұл шешім қабылданғанға дейін Ташкентте Геннадий Головкинмен кездескенін жазды. Оның айтуынша, кездесуде екеуі ресейлік спортшыларды халықаралық аренаға қайтару мәселесін талқылаған.
Биыл наурызда World Boxing ұйымының атқару кеңесі Ресей бокс федерациясын ұйымға мүше етіп қабылдауды мақұлдаған. Беларусь бокс федерациясына қатысты да осындай шешім қабылданды.
"Миротворец" – 2014 жылдан бері жұмыс істейтін украиналық мемлекеттік емес ұйым. Сайт авторлары "Украинаның қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге қатысы бар" деп есептейтін адамдар жайлы, соғысты қолдайтындар туралы мәліметтер жариялап, тізімдеріне енгізеді. Сайттың ресми мәртебесі жоқ, алайда ол Украинаның құқық қорғау органдарының назарына ілінген тұлғалар жайлы ақпарат алмасатынымен де белгілі.
Бұған дейін "Миротворец" базасына Қазақстанның бұрынғы парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым да енгізілген. Сайттағы ақпаратта Сарымның "Украинаны қолдаған Қазақстан азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуға бағытталған әрекетті жария түрде насихаттағаны" және "Ресей пропагандасының нарративін" таратқаны жазылған. Сарымның өзі мұны "күлкілі жайт" деп атаған.