Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігін "кешенді тексеретін" комиссия құрды. Комиссияға Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді. Тоқаев тиісті өкімге 26 қыркүйекте қол қойды. Құжат қол қойған күннен бастап күшіне енді.
Тексеріс қорғаныс министрлігіндегі “істердің жай-күйін” қамтиды, құжатта “әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласы” бөлек атап өтілген.
Комиссияның құрамында аудит, қаржылық мониторинг, прокурорлық қадағалау, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық саясатқа жауапты құрылымдардың өкілдері бар.
Құжатқа қарағанда, комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижесін 7 күн ішінде баяндауға міндетті.
Мұндай комиссия Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза болған тұста құрылып отыр. 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үшеуі құтқарылды.
Президенттің өзі қайғылы оқиға болған аумаққа барған жоқ. Желіде мұны сынап жатқан адам көп. «Тоқаев Маңғыстауға неге бармайды? Қара жамылған ата-аналарға неге басу айтпайды?» дейді бір қолданушы.
Желіде сарапшылар мен мамандар Каспийдегі ауыр оқиғаның себебі мен салдарын, қайғылы оқиға қайталанбас үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс деген сұрақ төңірегінде пікірлерін айтты. Мысалы, саясаттанушы Досым Сәтпаев "егер тергеу органдары офицерлердің салғырттығын растайтын болса, онда басты сұрақ туындайды: командир неліктен оқу-жаттығу тапсырмасын орындауды адамдардың қауіпсіздігінен жоғары қойды?" деп жазды.
"Шешім қандай тізбекпен қабылданғанын анықтау қажет: ауа-райы мен жұмыс жағдайын кім бағалады, оқу-жаттығуды жалғастыру туралы шешімді кім қабылдады, құтқару қызметі қаншалықты дайын болды, құтқару кеудешелері қолданылды ма және қолданыстағы қауіпсіздік процедуралары неге өнімсіз? Жалпы жаттығулардың орындылығы да маңызды мәселе. Егер бұл тек есеп беру үшін жасалса, онда профанацияға ұқсайды. Егер «генералдарымыз өткен күннің соғыстарына дайындалып жатыр» қағидасы бойынша да жасалса, қазір соғысты жүргізудің әдіс-тәсілдерінің жылдам өзгеруін ескермей – ол да профанация. Онда қорғаныс министрлігіне сұрақтар бар" деп жазды.
Оның ойынша, заманауи армияда тәртіптік шаралардан қорықпай қауіпті операцияны тоқтатудың тетіктері болуы керек.
"Мұндай нәрсе қайталанбас үшін жаза жеткіліксіз. Бізге адам қауіпсіздігі абсолютті басымдыққа ие болатын жүйе қажет. Кез келген оқу-жаттығу алдында міндетті түрде қатерді тәуелсіз бағалау қажет, тәуекел туындаған кезде операцияны дереу тоқтатудың нақты критерийлері анықталуы керек, осы ережелерді бұзғаны үшін командирлердің жеке жауапкершілігі, құтқару дайындығын жүйелі түрде тексеру және кемшіліктерді хабарлағандарды қорғайтын тетік қажет. Бұл трагедияның сабағы қарапайым. Жауынгер оқу бағдарламасын аяқтау үшін тұтынатын материал емес. Армия – адам өмірі жоспарды орындау статистикасының бір бөлігіне айналатын жүйе емес. Әскери тәртіп бұйрықты сөзсіз орындаудан емес, осы бұйрықты берушінің сөзсіз жауапкершілігінен басталады" деп жазды саясаттанушы.