Accessibility links

"Қазақстан жемқорлыққа қарсы ұсыныстардың басым бөлігін әлі толық орындаған жоқ". GRECO есебі шықты

Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес саласында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгеріс жасағанымен, халықаралық GRECO тобы осыған дейін айтылған ұсыныстардың басым бөлігін әлі толық орындамаған деп есептейді. Қазақстанға арналған 27 ұсыныстың тек алтауы ғана қанағаттанарлық деңгейде, 19-ы ішінара орындалған. Ал екі ұсыныс мүлде орындалмаған дейді есеп авторлары.

Есеп Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы – GRECO ұйымы Қазақстанға арналған ұсыныстардың орындалуын тексереді. Алдыңғы есепте Қазақстан төрт ұсынысты орындады, 21 ұсынысты ішінара орындады, ал екі ұсынысты орындамады деп көрсетілген еді.

Антикордың таратылуы және оны міндеттерін өзге органдарға үлестіру

Қазақстандағы ең ірі өзгерістердің бірі — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратылып, қызметтерінің өзге мекемелерге үлестірілуі. 2025 жылғы маусымдағы президент жарлығымен агенттік міндеттерінің бір бөлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына беріліп, комитет құрамында Жемқорлықпен күрес қызметі құрылды. Жемқорлық қылмыстарын тергеу осы құрылымға берілсе, жемқорлықтың алдын алу және антикоррупциялық саясатты әзірлеу функциялары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өтті.

GRECO бұл өзгерісті ескере отырып, жаңа жүйенің іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бақылау қажет деп санайды. Ұйым әсіресе жемқорлықтың ауқымы мен негізгі тәуекелдерін анықтайтын мемлекеттен тәуелсіз зерттеулердің әлі де жеткіліксіз екенін атап өтеді. Бұған дейін жүргізілген зерттеулердің басым бөлігі мемлекеттік органдардың бастамасымен жасалған.

Ең күрделі мәселе – сот пен құқық қорғау органдарының тәуелсіздігі

Есеп авторлары сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының тәуелсіздігі мәселесіне назар аударған. Ұйым бұл бағыттағы ұсынысты Қазақстан әлі орындамаған деп отыр.

GRECO бұған дейін президенттің сот жүйесіндегі, прокуратурадағы және құқық қорғау органдарындағы басшылық лауазымдарға тағайындауда шешуші рөл атқаратынын атап өткен. Қазақстан билігі президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісімді жұмысын қамтамасыз ететін конституциялық мәртебесін алға тартады. Алайда GRECO мұндай түсіндірмені жеткілікті деп санамай, осы салада мақсатты реформалар жүргізілмегенін атап өткен.

Ұйым сондай-ақ сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының тәуелсіздігіне қатысты Венеция комиссиясы мен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) көтерген мәселелердің де толық шешілмегенін айтады.

Жоғары лауазымдарға тағайындау да сұрақ тудырады

Құқық қорғау органдарының басшылығын тағайындау тәртібі бойынша да ілгерілеу жеткіліксіз деп бағаланған.

Қазақстанда жоғары лауазымдарға кандидаттарды кәсіби бағалау және конкурстық іріктеу тетіктері енгізілген. Алайда GRECO президенттің ұсынылған кандидаттар тізімімен байланысты емес екенін және тағайындау процесінде шешуші рөл атқаратынын атап көрсетеді.

Сонымен бірге 2023 жылғы президент жарлығының тиісті бөлігінің қоғамға ашық болмауы да ашықтық мәселесін күшейтеді. GRECO-ның мәлімдеуінше, жоғары лауазымды құқық қорғау органдары басшыларын тағайындау және қызметтен босатудың объективті әрі ашық критерийлері әлі де жоқ.

Ақпаратқа қолжетімділік: заң бар, бірақ санкция мәселесі сақталған

Қазақстан билігі GRECO-ға берген түсініктемесінде ақпаратқа қолжетімділік саласында бірқатар өзгеріс жасалғанын мәлімдеген. 2025 жылы заңға түзетулер енгізіліп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне бақылау функциялары берілген. 2025 жылы ақпаратқа қолжетімділік талаптарын бұзғаны үшін 5900 жағдайда жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Сонымен бірге GRECO айыппұлдардың іс жүзіндегі тиімділігіне күмән келтіреді. Ақпаратқа қолжетімділік талаптарын бұзғаны үшін қолданылатын шаралар өзгермегенін және айыппұл аз салынатынын айтып, қолданыстағы санкциялар жүйесінің қаншалықты тиімді екенін қайта қарауды ұсынады.

Қоғамдық бақылау бар, бірақ оның ықпалы қандай?

Қазақстан үкіметі 2024 жылы "Қоғамдық бақылау туралы" заң күшіне енгенін, содан бері 260-тан астам қоғамдық мониторинг жүргізілгенін атап өткен. GRECO бұл өзгерістерді құптайды. Бірақ мәселе қоғамдық бақылаудың саны ғана емес, оның мемлекеттік шешімдерге нақты ықпалында екенін ескертеді.

Есепте қоғамдық бақылау барысында алынған ұсыныстардың кейін қалай ескерілетіні әлі түсініксіз екені айтылады. Сонымен қатар ЭЫДҰ сарапшылары қоғамдық консультациялар барысында айтылған ұсыныстардың жиі ескерілмей қалатынын мәлімдеген.

Мемлекеттік сатып алуда жаңа талаптар енгізілді

GRECO Қазақстанның мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістеріне де тоқтаған. 2025 жылдан бастап күшіне енген жаңа заң жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жеке және заңды тұлғаларды мемлекеттік сатып алуға қатысудан шеттетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға қоғамдық мониторинг енгізілген. GRECO бұл өзгерістерді құптай отырып, мемлекеттік қызметшілердің мүдделер қақтығысын реттеу және оны бұзғаны үшін тиісті санкциялар белгілеу қажеттігін атап көрсетеді.

Салық кодексіндегі өзгеріс толық орындалған ұсыныстардың бірі болды

Қазақстанның жаңа Салық кодексі бойынша GRECO нақты оң баға берген бағыттардың бірі – жемқорлыққа байланысты заңсыз төлемдер мен шығындарды салықтық шегерім ретінде есепке алуға тыйым салу. Ұйым бұл өзгерісті айтылған ұсыныстың орындалуы деп бағалаған.

Есептің қорытындысы бойынша, Қазақстан айтылған ұсыныстарды әлі де "жеткіліксіз деңгейде" ұстанып отыр. Ұйым елден орындалмаған және ішінара орындалған ұсыныстар бойынша жаңа есепті 2027 жылғы 31 наурызға дейін беруді сұрайды.

GRECO – Еуропа кеңесінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы органы. Ол 1999 жылы құрылған. Қазақстан оған 2020 жылы қосылған.

Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне (CPI) сәйкес, Қазақстан әлемдегі 182 елдің арасында 38 балмен 96-орыннан көрінді. 2024 жылғы тізімде 40 балл көрсеткішпен 88-орында болған еді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG