Accessibility links

Киев АҚШ-тан Starlink бойынша әлі жауап күтіп отыр, ал конгрессмендер істі тергеуді талап етті

Украина Starlink шектеулері жөнінде Пентагоннан не Илон Масктың SpaceX компаниясынан әлі де жауап ала алмай отыр. Бұл туралы Азаттыққа Киевтің Вашингтондағы жоғары лауазымды өкілі айтты. Ал АҚШ-тағы Конгресстен спутник байланыс жүйесіндегі шектеуді тергеуге шақырған үндеулер естілді.

"Жылдамдыққа қойылған шектеулер әлі алынған жоқ" деді Азаттыққа 21 қазан күні Украинаның АҚШ-тағы уақытша сенімді өкілі Денис Сеник. Оның сөзінше, Киев бұл жөнінде Пентагоннан да, SpaceX компаниясынан да түсіндірме ала алмаған.

Осы күндері Starlink пен оның әскери мақсатқа арналған Starshield жүйелеріне қатысты шектеулер даулы тақырыптардың біріне айналды. Осы тұста бұл шектеулерді кім енгізгені, Трамп әкімшілігі ол туралы алдын ала білген-білмегені, бұл шектеулер Украинаның қорғану қабілетіне қалай әсер ететіні қатты талқыға түсті.

21 қазан күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл шектеулерге АҚШ президенті Дональд Трамптың да, АҚШ өкіметінің де қатысы жоғын мәлімдеді. Алайда жақында Киевке сапарлап қайтқан Конгресс делегациясы шектеулер Украинаның әуе қорғанысын тежеп, америкалықтарға қатер төндіргенін айтып отыр.

SpaceX компаниясы басқаратын Starlink қызметінің әскери нұсқасы – Starshield спутниктік жүйесіндегі іркілістер туралы алғашқы хабарлар 13–14 қазанда тараған. Содан бері Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғануда осы жүйеге қатты сүйенетін Украина аса осал жағдайда қалды.

21 қазанға қараған түні Ресей Киевке тағы да шабуыл жасап, кемінде 15 адамды, соның ішінде екі баланы жарақаттады. Зымырандар тұрғын үйлерге, жедел жәрдем станциясына және жанармай құю бекетіне тигені хабарланды. Бұл кезде бейбіт келіссөздерді қайта бастауға бағытталған дипломатиялық әрекеттер жалғасып жатқан еді.

"Өткен түнде Киев тұрғындары Ресейдің "гуманизмі" қандай болатынын өз құлағымен естіді" деп жазды Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига X желісіндегі парақшасында. "Басқыншыны тыныштандыруға тырысу, оған бағынышты болу және жағыну бұл соғысты тоқтатпайды. Оны тек күш қана тоқтата алады".

Әуе қорғанысы әлсіреді

Украина қарулы күштері бас қолбасшысының бұрынғы арнайы кеңесшісі, қазір Киевтегі Америка университетінің президенті қызметін атқаратын Дэн Райс тараптар әртүрлі нәрсені айтып отыр дейді. Оның сөзінше, АҚШ-тың Украинаға көмегі тоқтамағанын айтқан Рубио барлау мәліметтерімен алмасуды меңзеген болуы мүмкін.

"Барлау деректері беріліп отырды" дейді Райс. "Егер мемлекеттік хатшы Рубио барлау деректерін беруде іркіліс болмады десе, мен оған сенемін".

Бірақ барлау деректерін бөлісу тоқтамағаны спутник байланысында ешқандай қиындық болмады дегенді білдірмейді. Райстың сөзінше, техникалық ақаулар әуе шабуылы туралы ескертулердің адамдардың телефондарына уақтылы жетуіне кедергі келтірген.

21 қазанда өткен брифинг кезінде Киевтен жақында оралған демократ сенатордың көмекшісі Ресей дрондары мен зымырандары Киевке жақындағанда ескерту хабарламалары әдеттегіден кеш келгенін мәлімдеді.

Көмекшінің сөзінше, Конгресс делегациясы 13-16 қазан күндері Украинада болғанда Starshield қызметіндегі шектеулер сезілген. Делегация бұл шектеулер Украина тұрғындары мен ондағы АҚШ азаматтарына қатер төндіреді деп түйген.

Әсіресе реактивті қозғалтқышпен ұшатын ресейлік Shahed дрондары үлкен қиындық туғызған. Олардың жылдамдығы сағатына 280 мильге (шамамен 450 шақырымға) немесе одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін. БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа қарағанда, Starshield жүйесіне қойылған жылдамдық шектеуі бастапқыда сағатына шамамен 60 миль (97 шақырым) болған, кейін 100 мильге (161 шақырымға) дейін көтерілген. Соның салдарынан жүйе жылдам қозғалатын нысандармен байланысты жоғалтуы мүмкін.

Рубио АҚШ-тың қатысы барын жоққа шығарды

21 қазанда Мумбайда сөйлеген сөзінде Марко Рубио Starlink пен Starshield бір-бірінен бөлек жүйелер екенін атап өтті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мумбайда. Үндістан, 21 қазан 2026 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мумбайда. Үндістан, 21 қазан 2026 жыл.

Оның түсіндіруінше, Starlink – коммерциялық спутниктік интернет қызмет. Оны дрондарды бағыттауда қолдануға болады. Ал Starshield АҚШ қорғаныс министрлігі басқаратын және сататын әскери мақсаттағы құрал.

Рубио жылдамдықты төмендетуге Илон Маск бұйрық берді деген The Wall Street Journal мақаласын оқымағанын айтты. Ол бұл қадамға Трамптың да, АҚШ өкіметінің де қатысы жоғын мәлімдеді.

Мемлекеттік хатшы өкімет жеке компанияларға өз өнімін қалай басқаратыны жөнінде бұйрық бере алмайтынын айтты.

Конгресс істі тергеуге шақырды

Демократтар мен кейбір республикашылдар интернет жылдамдығының төмендеуін тергеуге үндеді.

Калифорниядан сайланған сенатор Адам Шифф әлеуметтік желідегі жазбасында тараптардың бір-біріне қайшы мәлімдемелері Сенаттың толыққанды тергеу жүргізуіне негіз болатынын айтты. Ол Илон Маскты ант алдында жауап беруге шақырды. Аризонадан сайланған сенатор Рубен Гальего да Маскті бұл шешімді өз еркімен түсіндіруге шақырды.

Делавэр штатының сенаторы Крис Кунс Масктің "бір түймені басу арқылы соғыстың нәтижесіне ықпал ететіндей" билігі болмауға тиіс деді. Ал Массачусетс штатынан сайланған сенатор Элизабет Уоррен іс жүзінде АҚШ-тың сыртқы саясатына жеке компания басшысының ықпал ету қаупі төніп отыр деп алаңдаушылық білдірді.

Калифорниядан сайланған демократ конгрессмен Эми Бера спутниктік жүйеге қойылған шектеулер "Украинаның қорғанысын істен шығарып, жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндірді" деп мәлімдеді. Ол Конгресті бұл шешімді кім мақұлдағанын анықтап, жауаптыларға шара қолдануға шақырды. Пенсильваниядан сайланған республикашыл конгрессмен Брайан Фицпатрик те тергеу жүргізуді талап етті.

Бұдан бөлек, Өкілдер палатасының жиырмаға жуық мүшесінен тұратын екі партия өкілдері Трампты Маскпен сөйлесіп, Украинаға Ресей аумағындағы зымыран ұшыру алаңдарын нысанаға алу үшін Starlink жүйесін пайдалануға рұқсат бер деп көндіруге шақырды.

"Егер Украина Ресейдің "жебелерін" сенімді түрде қағып түсіре алмаса, онда "садақшыны" атуға мүмкіндік берілуі керек" деді олар 21 қазан күнгі хатында.

Бұл бастамаға Оңтүстік Каролинадан сайланған республикашыл конгрессмен Джо Уилсон жетекшілік етті. Оны жеті республикашыл және 16 демократ қолдады. Заң шығарушылардың пікірінше, Украинаға жүйені кеңірек пайдалануға мүмкіндік беру адам өмірін сақтап, Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөздер жүргізуге ынтасын арттыруы мүмкін.

Сенат делегациясы АҚШ көмегін жеткізудегі басқа да кідірістерге қатысты алаңдаушылық білдірді. Олардың қатарында НАТО одақтастарының ақшасына сатып алынғаны айтылған, бірақ Украинаға әлі берілмеген Patriot жүйелеріне арналған зымырандар да бар.

Сенат комитетінің көмекшісі комитет үшінші тараптар арқылы қару-жарақ беру жөніндегі бірнеше келісімді мақұлдағанын, алайда сол зымырандардың Украина қарулы күштерінің қорына жеткенін көрмегенін айтты.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG