Accessibility links

Қазақстанда "Әділ сөз" қорының Facebook-парақшасы бұғатталды

Сөз еркіндігін қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" қоры Facebook-парақшасы Қазақстан аумағында бұғатталғанын мәлімдеді. Қордың айтуынша, әлеуметтік желі әкімшісі бұғатқа авторлық құқықтық бұзылуы түрткі болды деген. Қор Facebook иесі Meta компаниясына жүгініп, бұғат себебін егжей-тегжейлі түсіндіруді және парақшаны бұғаттан шығаруды сұраған.

Қордың мәлімдеуінше, бұғат алдында Facebook "Әділ сөздің" Ulysmedia журналисі Әсем Ғұмарова туралы жазбасын өшірген. Жазба Ғұмароваға парламент брифингінде тақырыптан тыс сұрақ қойған үшін шара қолданғаны жайлы болған. Ulysmedia Құрылтай брифингіндегі талапты тағы бір рет бұзса, аккредитациясынан алты айға айырылуы мүмкін.

"Әділ сөз" өкілдерінің айтуынша, қордың Facebook-парақшасы шетелден ашылып тұр, яғни бұғат тек Қазақстан аумағында іске қосылған. Facebook нақты қандай авторлық құқық бұзылғанын хабарламаған.

Қор президенті Нәзира Дәрімбет Facebook-тегі өз парақшасында осы жағдай жөнінде пікір білдіріп, бұғатқа Қазақстан ішіндегі ұйымдар немесе азаматтардың қатысы болуы ықтимал деді.

"Ал керек болса. Мінеки, бізге де келді. Facebook авторлық құқықты бұзды деп "Әділ сөз" парақшасын бұғаттап тастады. Үстінен шағым түскен, кейін өшірілген қай жазба екенін білесіз бе! Құрылтай регламенті туралы жазба" деді Нәзира Дәрімбет. "Парақша тек Қазақстан аумағында бұғатталған. Шетелдегі әріптестеріміз парақша ол жақта ашылатынын айтып отыр. Осыдан кейін бұғаттауға Қазақстандағы кейбір ұйымдар немесе адамдар деп қалай ойламайсың".

Нәзира Дәрімбет нақты мекемелердің немесе адамдардың атын атамады. Әзірге Meta компаниясы да бұл жөнінде ресми ақпарат тарата қоймады.

Бұған дейін "Әділ сөз" Құрылтай брифингінің тәртібін қайта қарауға шақырған журналистердің үндеуіне қолдау білдірген. Жаңа ереже бойынша, журналист баспасөз мәслихатында тақырыптан тыс сұрақ қойса, оған алдымен ескерту беріледі. Егер ол ережені тағы бұзса, аккредитациясынан алты айға айырылады.

Баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдар бұл ереже журналист жұмысына кедергі келтіріп, ақпарат алу мүмкіндігін шектейді деп мәлімдеді.

​
XS
SM
MD
LG