Accessibility links

Алматы тауларында бір айдан астам уақыт бойы Оңтүстік Кореяның азаматын іздеп жатыр

Талғар асуы маңында жоғалып кеткен Оңтүстік Кореяның 73 жастағы азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ер адам 28 қыркүйекте жоғалған. Арада бір айдан астам уақыт өтсе де, құтқарушылар оның қайда екенін әлі анықтай алмады деп хабарлады Tengrinews.kz.

Басылымның жазуынша, 28 қыркүйекте шетел азаматы бір топ адаммен бірге аспалы жол арқылы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына көтерілген. Кейін ол серіктеріне бағытын өз бетінше жалғастырып, қалаға ешкімнің көмегінсіз түсетінін айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған. Келесі күні құтқарушыларға оның жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін іздеу жұмыстары басталған.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мәліметінше, іздеу жұмыстарына таулы жер бедерінің күрделілігі, тексерілетін аумақтың үлкендігі және биіктік айырмашылығы кедергі келтіріп отыр. Құтқарушылар жетуі қиын учаскелерге, тау беткейлері мен шатқалдарға ерекше назар аударып жатыр. Операцияның алғашқы күндерінде іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі мен полиция қызметкерлері, еріктілер, кинолог топтары, дрондар және авиация тартылған.

Құтқарушылар Кіші Алматы айналма бағытын және ер адам соңғы көзге түскен Талғар асуын тексерген.

​
XS
SM
MD
LG