Болгариядағы президент сайлауының екінші турында президент міндетін атқарушы Илияна Йотова жеңіске жеткелі тұр. Бұл туралы дүйсенбі күні елдің орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді. Ресми нәтиже шыққан соң, Йотова Болгарияның президенті болып сайланған алғашқы әйел атанбақ. Бірақ дауыс беру кезінде сайлаушылардың белсенділігі төмен болды.
Сайлау учаскелеріндегі хаттамалардың 99,95 пайызы бойынша, президенттікке кандидат Илияна Йотова мен вице-президенттікке кандидат Кирилл Вылчев 57,58 пайыз дауыс алып тұр. Ал олардың қарсыласы Андрей Гюров пен Георгий Кандев жұбына сайлаушылардың 39,47 пайыз дауысы бұйырып тұр.
Сайлаушылардың 2,95 пайызы "Ешқайсысын қолдамаймын" деп дауыс берген.
Гюров жеңілгенін мойындады. "Біз сайлау науқаны аяқталғанын көрсетуге дайынбыз. Бірақ жауапкершілік сақталады. Мемлекеттен жауапкершілікті талап етуіміз керек, өйткені ол өзіне емес, Болгария азаматтарының игілігіне жұмыс істеуі қажет" деді ол сайлаушыларға алғыс айтып.
Сайлауға дауыс беруге құқылы азаматтардың 27 пайызына жуығы ғана қатысқан.
Бірінші тур 25 қазанда өткен. Сайлауға түскен 27 кандидаттың ешбірі басым дауысқа ие бола алмай, екінші турға Йотова мен Гюров шыққан. Бірінші турға сайлаушылардың 23 пайызы ғана қатысты.
Биыл қаңтарда президент Румен Радев парламент сайлауына түсу үшін қызметтен кеткенде вице-президент лауазымын атқарып келген Йотова президент міндетін атқарушы атанды.
Радев парламент сайлауында жеңіске жетіп, премьер-министр қызметіне кіріскен. Сарапшылар оны Кремльшіл саясаткер деп сипаттайды.
Радев президент сайлауында Йотованы қолдады. Ол екеуі де Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен аяқтау керек деп санайды. Йотова да, Радев те Мәскеумен диалог орнатуды қолдап, Украинаға әскери көмек көрсетуге қарсылық танытады. Ал Андрей Гюрев Украинаға әскери қолдау көрсетіп, Болгарияның Еуроодақ пен НАТО-дағы ынтымақтастығын (Болгария екі одаққа да мүше) нығайту керек дейді.
Болгария – парламенттік басқару формасындағы мемлекет. Онда негізгі шешімді премьер-министр мен парламент қабылдайды. Алайда президентте парламент қабылдаған заңдарға вето қою, халықаралық келісімдерге қол қою, дипломатиялық өкілдерді тағайындау құқығы бар. Сондай-ақ ол қарулы күштердің жоғарғы қолбасшысы саналады.