2 қараша күні Украинаның Запорожье облысындағы Камышеваха елді мекенінде Ресей соққысынан кемі 26 адам қаза тапқан. Жарақат алғандар көп. Қиранды астында қалған адамдар бар. Бұл туралы дүйсенбінің кешінде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
Бұған дейін Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі 24 адамның опат болғанын хабарлаған. Сондай-ақ жарақат алғандар мен із-түссіз жоғалғандар саны көп екені айтылады. Іздеу және құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Дүйсенбі күні таңертең жергілікті билік Камышевахаға шабуыл жасалғанын, бір адам опат болғанын хабарлаған. Бірақ сол күні кешке Зеленский алғашқы соққыдан кейін тағы тоғыз бомба түскенін, яғни бір нысанаға араға уақыт салып бірнеше рет соққы жасау тәсілі қолданылғанын мәлімдеді. Украина президентінің сөзінше, соққы мектеп ғимаратына жасалған. Онда гуманитарлық көмекпен айналысатын адамдар болған.
"Камышевахада қалған адамдар апта сайын сол жерден гуманитарлық көмек алатынын ресейліктер білмеген болуы мүмкін емес" деп жазды Зеленский. "Олешкидегі гуманитарлық операциядан кейін бейбітшілікке бастайтын қадамдар жасалады деп күтуге болар еді, бірақ Ресей кері сигнал беріп отыр".
Запорожье облысы әкімшілігінің басшысы Михаил Семикин мұның алдында 18 адамның қаза тапқанын растаған.
Ресей билігі әлі бұл шабуыл туралы мәлімдеме жасамады. Камышеваха майдан шебіне жақын орналасқан және шабуылға жиі ұшырайды.