Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырауда экстремистік топ құру, терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігімен 10 адамды ұстағанын хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше, олар Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді көздеген.
Комитет прокуратура органдарының көмегімен күдіктілерді 30 қазан күні ұстаған.
"Фигуранттардың тұрғылықты жерлерінде жүргізілген тінту барысында атыс қаруы, есірткі, діни атрибутика, әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Олар құрған балалар мен жасөспірімдерге арналған 3 жасырын оқу орталығының қызметі тоқтатылды" деді ҰҚК баспасөз хабарламасында.
Мекеменің хабарлауынша, ұсталғандардың бірқатары бұрын террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотталған.
ҰҚК қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеп өзге ақпаратты жарияламады.
Күдіктілер мен олардың адвокаттарының уәжі әлі белгісіз.