Өзбекстан астанасында халықаралық футбол жарысына Қазақстаннан барған 17 азамат ауруханаға жатқызылды. Оның 11-і бала, алтауы ересек.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қарағанды облысынан барған жас футболшылар 31 қазан күні денсаулығы сыр бере бастағанын айтқан. Сырқаттанған ойыншылардың дене қызуы көтеріліп, іші өткен. Ата-аналары қонақүйдегі тамақтан күдіктеніп отыр. Әзірге аурудың себебі анықталмады.
Футболшылардың ата-аналары ауруханадағы жағдайға да шағымданды. Олардың сөзінше, науқастарды алғашында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ауруханаға орналастырған, ал дәрі-дәрмекті науқастардың өзі сатып алуға мәжбүр болған. Олар Қазақстан консулдығына жүгінгеннен кейін ғана балаларды басқа клиникаға ауыстыра бастаған.
Ата-аналар балаларды Қазақстанға ұшақпен қайтаруды сұрайды. Ұзақ жолда жағдайы қиындап кетуі мүмкін дейді олар.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ауруханаға түскен 17 науқас Ташкенттегі №5 жұқпалы аурулар емханасында жатқанын айтады. Елшіліктің мәліметінше, науқастардың жағдайы тұрақты, оларға қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр.