Сейсенбі, 3 қараша күні Қазақстан энергетика министрлігі Атырау – Самара құбыры арқылы мұнай тасымалын қайта іске қосқанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Содан бір күн бұрын Украинаның Ресей аумағындағы дрон шабуылынан соң құбыр жұмысы тоқтап қалған.
Қазақстан мұнайын Ресей арқылы халықаралық нарыққа шығаратын бұл құбыр 2 қарашаға қараған түні "Самара" өндірістік-диспетчерлік станциясына жасалған дрон шабуылынан соң өз жұмысын тоқтатқан.
Қазақстан энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, техникалық тексерістен соң құбыр жұмысы қалыпты режимде қайта іске қосылған.
Кейінгі жылы Украина Ресейдегі энергетика инфрақұрылымына тұрақты түрде шабуылдап келеді. Оның ішінде Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына жеткізетін Каспий құбыр консорциумының нысандары да бар. КҚК инфрақұрылымына шабуыл Қазақстан билігінің наразылығын тудырған. Құбыр арқылы АҚШ мұнай компаниялары өндірген шикізат та тасымалданатындықтан, Вашингтон Киевке КҚК-ға соққы жасамауды сұраған.
Ресей де Украина энергетика нысандарына шабуыл жасап келеді.