1990 жылдардың ортасында жыныстық зорлық салдарынан жүкті болып, туыстарын қолдау таппай сәбиін бөбектер үйіне берген, артынан одан көз жазып қалған Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызымен қауышты. ДНҚ-талдау олардың туыс екенін растады. Бұл туралы Қалымбетованың өзі мәлімдеді.
"Ұзақ күткен жаңалық. Нәтиже шықты. Міне қараңыздар: 99,999999 пайыз. Айттым ғой, ол менің қызым деп. Оны көргенде бірден түсіндім. Бірақ ол қобалжыды. Оның қолында менің құжаттарым бола тұра, америкалық болған соң ДНҚ нәтижесін көргісі келді. Міне құжат шықты, ол менің қызым" деді ол TikTok желісінде жариялаған видеосында.
Наташа Қалымбетова биыл көктемде өз басынан өткен оқиғаны айтып, Қазақстанда резонанс тудырған. Өзінің айтуынша, 1994 жылы 17 жасында Батыс Қазақстан облысында төрт жігіт оны зорлап, салдарынан аяғы ауыр болып қалған.
Қалымбетова бұл мәлімдемені жасағанда Таиландта тұратынын айтқан. Оның сөзі қызу талқы тудырған тұста БҚО полициясы 32 жыл бұрынғы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, Қалымбетова куәлік беруге елге шақырған. Жаздың басында зорлық оқиғасынан кейін Қалымбетова аяғы ауыр болып қалғанын, сәби дүниеге келген соң, туыстарынан қолдау болмай оны бөбектер үйіне өткізуге мәжбүр болғанын айтқан.
Бөбектер үйіне үш жыл бойы барып жүргенін айтқан Қалымбетова араға уақыт салып оралғанда америкалық отбасы оның қызын асырап алып, АҚШ-қа әкеткенін білген.
Осы оқиғадан соң жеке деректері Қалымбетова айтқан жайттармен сәйкес келетін америкалық азаматша табылған. Бірақ Қалымбетова оның жеке өміріне нұқсан келеді деп қыздың аты-жөнін және суретін жарияламаған. Қызы шетелде жасалған ДНҚ-талдауға сеніңкіремей, талдауда АҚШ-та жасатқысы келген. Қазанның аяғында Қалымбетова АҚШ-қа барып, қызымен қауышқан соң, ДНҚ-талдауын жасатқан.
Биыл шілдеде Қалымбетова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, тергеудің алға жылжымай тұрғанын айтқан. Енді ол ДНҚ-талдаудың нәтижелері істі аяғына дейін жеткізуге көмектеседі деп үміттенеді.