Қазақстанда сәуір айынан бері медицина қызметкеріне күш қолдану қаупін төндіру немесе күш қолдану бойынша 50-ге тарта іс қозғалған. Бұл туралы бүгін, 3 сәуір күні үкіметтегі баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министр бұл мағлұматты Ақтаудағы оқиға туралы сұраққа берген жауабында айтты.
31 қазан күні Ақтау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлмесінде науқас баланың әкесі дәрігердің алқымынан алып, оған қол жұмсаған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп, оның видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқы тудырды.
Баланың әкесі дәрігерлерге шағымданып, медицина қызметкерлері науқасқа немқұрайлы қарағанын айтып, ашуға булыққанын мәлімдеді.
Министр Ақмарал Әлназарова қылмыстық істі тергеу кезінде дәрігердің әрекетіне де құқықтық баға берілетінін, әзірге дәрігердің қандай да бір теріс қылық жасағаны дәлелденбегенін айтты.
"Ата-анасы баланы үш рет алып келіп, оның екеуінде қолжазба қалдырып алып кеткен. Балада соқырішек болған. Соған байланысты ота жасалды. Екі күннен кейін ата-анасы ары қарай ем қабылдаудан бас тартты. Одан кейін тағы түсіп, бір тәулікке жетпей екінші рет алып кетті. Үшінші рет әкелгенде дене қызуы көтеріліп, осындай жағдай болды. Қылмыстық іс қозғалды, екі жақтың да жауапкершілігі толық қаралады" деді министр.
Биыл қаңтарда Қазақстан президенті қылмыстық кодекске түзету енгізу жөніндегі заңға қол қойып, кодексте медицина қызметкеріне күш қолдану қаупін төндіру және күш қолдану бойынша арнайы бап енгізілді. Түзетулер сәуір айында күшіне енген.
Қылмыстық кодекстің 380-3 бабы бойынша, күш қолдану қаупін төндірген адамға 200-500 АЕК айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал денсаулық жеңіл, орташа немесе ауыр зиян тигізетін күш қолдану әрекеті жасалса, жаза ауырлай түседі. Ең ауыр жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.