Accessibility links

"Экстремизм" билік сыншыларын қудалау құралына қалай айналды? Орталық Азия тәжірибесі

Қырғызстан соты оппозициялық "Шумкар" қозғалысының материалдары мен оған қатысы бар адамдардың қызметін "экстремизм" деп таныды. Олардың арасында президент Садыр Жапаровты сынап жүрген азаматтар да бар. Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей мен Беларусь сияқты елдерде де "экстремист" деген айып радикалды қарулы топтарға ғана емес, оппозициялық саясаткерлерге, журналистерге, құқық қорғаушыларға және әлеуметтік желі қолданушыларына жиі тағылып жүр.

Сот қандай да бір ұйымды экстремистік деп таныса, жаза оның қызметіне тыйым салумен ғана шектелмейді. Ол ұйыммен қандай да бір байланыста болған, материалдарын таратқан, ашық қолдау білдірген немесе әлеуметтік желіде жазбасына пікір қалдырған адамдарға да қауіп төнуі мүмкін.

Орталық Азия елдерінде, сондай-ақ Ресей мен Беларусьте "экстремизм" ұғымы кеңінен қолданылады. Әңгіме тек зорлық-зомбылық жайлы емес. Биліктің назарына оппозициялық саясаткерлер, журналистер, блогерлер мен құқық қорғаушылар да ілігеді. Құзырлы органдар олардың әрекетін конституциялық құрылымға қауіп төндіру, сепаратизм немесе билікті басып алуға әрекет жасау деп бағалап жатады.

Қырғызстанның "экстремистері"

12 қазанда Бішкектің Октябрь аудандық соты оппозициялық "Шумкар" қозғалысының ақпараттық материалдары мен оған қатысы бар адамдардың қызметін "экстремизм" деп таныды. Сот шешімінде саяси сарапшы Айдар Раев, эколог Самат Құшбек, "Құмтөр" алтын өндіру компаниясының бұрынғы сыртқы басқарушысы Теңіз Бөлтүрүк және блогер Сырғақ Кенжебаевтың есімдері аталды. Олар шетелде жүріп, президент Садыр Жапаровты түрлі жолмен сынап келген.

13 қазанда Сырғақ Кенжебаевты ұстап, Қырғызстанға жеткізіп, тергеу изоляторына қамады. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, ол интернетте жаппай тәртіпсіздікке шақырған материалдар жариялап, кейін билікті басып алуды көздеген. Оған алаяқтық жасады деген айып та тағылған.

Сырғақ Кенжебаев
Сырғақ Кенжебаев

Бұл оқиға көптеген адамға ескерту іспетті болды. Енді Қырғызстанда радикалды идея таратып, қолына қару алғандар ғана емес, билікті сынаған кез келген адам "экстремист" атануы мүмкін.

2025 жылы қырғыз соты Temirov Live, Kloop және "Айт, айт десе" журналистік зерттеу жобаларының материалдарын экстремистік деп таныды.

Венада орналасқан Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымының жетекшісі Лейла Сейітбектің пікірінше, мұндай шешімдер сынаушыларды жазалаумен бірге олардың оқырмандарын сол сыни ақпараттан айыруды да көздейді.

Жазбаларды "экстремистік" деп тану авторлармен қатар сол жазбаны таратқан, оған қолдау білдірген адамдарға да қауіп төндіреді.

Қырғызстанда Бақтыбек Молдалиев Kloop материалын таратқаны үшін айыпталып отыр. Қазір оның ісі сотта қаралып жатыр. Молдалиев қамауда отыр және өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Экстремизм деген не және оның анықтамасы неге дау тудырып отыр?

Халықаралық құқықта барлық мемлекетке ортақ, экстремизмді бірізді түсіндіретін әмбебап анықтама жоқ. Әр елдің ұлттық заңнамасында адамды немесе ұйымды "экстремист" деп танудың өз өлшемдері белгіленген.

Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының 2003 жылғы қарарында экстремизм парламенттік демократия қағидаларын ашық немесе жасырын түрде жоққа шығаратын саяси әрекет ретінде сипатталған. Мұндай әрекетке көбіне төзімсіздік, ксенофобия, антисемитизм және әсіре ұлтшылдық жатқызылған.

Алайда постсоветтік елдердің заңнамасында "экстремизм" ұғымы әртүрлі түсіндіріледі және оған қарсы заңдар да біркелкі қолданылмайды. Кейбір елдерде бұл ұғым зорлық-зомбылыққа немесе билікті күшпен басып алуға шақырумен ғана шектелмейді. Оған саяси қозғалыстардың қызметі, интернеттегі жазбалар және басқа да қоғамдық әрекеттер жатқызылуы мүмкін.

Лейла Сейітбектің пікірінше, мұндай тәжірибенің таралуына ең әуелі Ресей елеулі ықпал еткен.

Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымының жетекшісі Лейла Сейітбек.
Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымының жетекшісі Лейла Сейітбек.

"Бұл модельдің архитекторы Ресей екені анық. Өйткені олар заңдарды жазып қана қоймай, аймақтағы елдерге оны қалай қолдану керегін де көрсетеді. Яғни, өз тәжірибесін ұсынып, іс жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын үйретеді" дейді құқық қорғаушы.

Сейітбек 2001 жылғы Шанхай конвенциясына да назар аударады. Онда терроризм, сепаратизм және экстремизм деп аталатын "үш қатерге" қарсы күрес тәсілі бекітілген. Құқық қорғаушының айтуынша, осы тұжырымдама Орталық Азия елдерінің билігі қолданатын үлгіге айналған.

Құқық қорғаушылар бұл елдерде "экстремизм" ұғымының ауқымы шамадан тыс үлкен екенін айтады. Салдарынан оны зорлық-зомбылыққа қатысы бар ұйымдарға ғана емес, билікке сын айтқан бейбіт адамдарға да қолданады дейді олар.

Оппозициясы қысымға ұшыраған Өзбекстан

Орталық Азияда саяси қарсыластарын қоғамдық-саяси өмірден шеттетуге ерте кіріскен елдердің бірі – Өзбекстан. 1990 жылдардың басында-ақ "Ерік" және "Бірлік" оппозициялық партиялары саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Бұл ұйымдар ресми түрде "экстремистік" деп танылмағанымен, кейінгі жылдары олардың жетекшілері мен жақтастары экстремизм және терроризмге қатысты айыптармен қудаланды.

Өзбекстандық "Ерік" партиясының басшысы, "Бірлік" ұлттық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Мұхаммад Салих. 1992 жылғы 1 наурызда түсірілген сурет.
Өзбекстандық "Ерік" партиясының басшысы, "Бірлік" ұлттық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Мұхаммад Салих. 1992 жылғы 1 наурызда түсірілген сурет.

2024 жылы Өзбекстанның жоғарғы соты "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысын "экстремистік" ұйым деп таныды. Билік бұл ұйымды 2022 жылғы шілдеде Нөкісте болған оқиғалармен байланыстырды. Сол кезде Ташкент ұсынған конституциялық өзгерістер жаппай наразылыққа ұласқан еді.

Ұсынылған түзетулер Қарақалпақстанның кең ауқымды автономиясын және референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығу құқығын алып тастамақ болған. Наразылық күшпен басылып, 20-дан астам адам қаза тапты.

Кейін билік наразылыққа қатысқандарды және оны ұйымдастырушыларды конституциялық құрылымға және елдің аумақтық тұтастығына қарсы әрекет жасады деп айыптады.

Қарақалпақстан астанасы Нүкістегі қарсылық акциясы. Шерушілер Өзбекстан конституциясына енгізілмек болған түзетулерге наразылық білдірді. 2022 жылғы 1 шілдеде түсірілген сурет.
Қарақалпақстан астанасы Нүкістегі қарсылық акциясы. Шерушілер Өзбекстан конституциясына енгізілмек болған түзетулерге наразылық білдірді. 2022 жылғы 1 шілдеде түсірілген сурет.

"Кейін "Алға, Қарақалпақстан" тобын Нөкістегі оқиғаларға қатысы бар деп айыптады. Алайда сарапшылардың да, менің де пікірімше, олардың бұл наразылықтарға мүлде қатысы болмаған. Бұл аяқ астынан басталған, бейбіт сипаттағы наразылық еді. Соған қарамастан, билік қозғалысты сепаратизмді насихаттады және конституциялық құрылымға қауіп төндірді деп айыптады" дейді Лейла Сейітбек.

Тәжікстан: саяси қозғалыстарға тыйым

Тәжікстан да экстремизмге қарсы заңнамасын саяси оппозицияны қудалау құралына айналдырды.

2014 жылы билік оппозициялық "24 тобы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп жариялады. Ал 2015 жылы Тәжікстанның жоғарғы соты Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясын "террористік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салды.

Глава Партии исламского возрождения Мухиддин Кабири. 1 Марта 2010 года
Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясының басшыс Мұхиддин Қабири. 2010 жылғы 1 наурыздағы сурет.

Бұл ұйымдарға тыйым салынғаннан кейін олардың өкілдері мен жақтастары қылмыстық қудалауға ұшырады. Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, билік оппозиционерлердің туыстарына және тыйым салынған ұйымдарға қатысы бар деп есептелген адамдарға да қысым көрсеткен.

"Бұл – оппозицияны тұтасымен, жаппай тыйым салу арқылы жоюдың өте қатаң үлгісі. Оларды экстремистік және террористік ұйым деп жариялағаннан кейін билік қудалауды жалғастырды: оппозиционерлердің туыстарын, әріптестерін және олармен қандай да бір байланысы бар адамдарды да қудалай бастады" дейді Лейла Сейітбек.

Тәжік оппозиционерлерінің Берлиндегі акциясы. 29 қыркүйек 2023 жыл.
Тәжік оппозиционерлерінің Берлиндегі акциясы. 29 қыркүйек 2023 жыл.

Кейін Тәжікстанда тыйым салынған ұйымдар мен ресурстардың қатарына тәуелсіз Pamir Daily News және "Жаңа Тәжікстан 2" бұқаралық ақпарат құралдары да қосылды.

Мұндай жағдайда тыйымның салдары белгілі бір ұйымның қызметімен ғана шектелмейді. Егер билік онымен байланыста болуды күдікке негіз деп санаса, қауіп ұйым мүшелеріне ғана емес, олардың кәсіби және жеке ортасындағы адамдарға да төнуі мүмкін.

Қазақстан: оппозицияға қатысы бар адамдарды қылмыстық қудалау

Қазақстанда сот тыйым салған ең танымал оппозициялық құрылымдардың қатарында Еуропада тұратын бұрынғы банкир әрі билік сыншысы Мұхтар Әблязов негізін қалаған деп саналатын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және Астана ҚДТ-ның "түрленген нұсқасы" деп атаған "Көше партиясы" бар. Астана соты ҚДТ-ны 2018 жылы "экстремистік" деп таныды. Ал "Көше партиясына" 2020 жылы тыйым салынды.

Мұхтар Әблязов. Париж, 2017 жылғы қараша.
Мұхтар Әблязов. Париж, 2017 жылғы қараша.

Бұл қозғалыстарға тыйым салынғаннан кейін олардың белсенділері мен қозғалыс қызметіне қатысы бар делінген адамдар қылмыстық қудалауға ұшырады. Күш құрылымдарының назарына әлеуметтік желідегі жазбалар, сұхбаттар, көпшілік алдында айтылған пікірлер ілікті. Тыйым салынған ұйымдарға қатысы болуы мүмкін деп күдікке ілінгендер қысымға тап болды.

Журналистер, белсенділер мен интернет қолданушылары үшін мұндай жағдай үрей туғызады: билік қандай да бір жария мәлімдемені немесе ақпарат таратуды саяси көзқарасын білдіру деп қана емес, тыйым салынған ұйыммен байланыстың дәлелі деп те бағалауы мүмкін.

Полиция "ҚДТ" ұйымдастырған акция қатысушысын ұстап әкетіп барады. 6 маусым 2020 жыл.
Полиция "ҚДТ" ұйымдастырған акция қатысушысын ұстап әкетіп барады. 6 маусым 2020 жыл.

2024 жылы "Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім жеті жылға сотталды. Оған "экстремизмді қаржыландырды" және тыйым салынған ҚДТ қызметіне "қатысты" деген айып тағылды.

Қылмыстық іске Мұхаммедкәрімнің Әблязовтан алған бейнесұхбаты түрткі болды. Сұхбат кезінде журналист оппозиционердің ақша аударуға арналған деректерін көрсеткен. Әблязов отандастарынан Батыс елдерінің соттарында Қазақстан билігіне қарсы істер бойынша адвокат жалдауға қаражат жинауға көмектесуді сұраған еді.

Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Мұхаммедкәрім тағылған айыптарды мойындамай, ҚДТ-ға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол қазір түрмеде отыр. Адвокаты мен ата-анасы журналистің қамаудағы жағдайы ауыр екенін, тіпті өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін хабарлаған. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп санайды.

Мұхаммедкәрімге тағылған айыптарға ұқсас айыппен марафоншы Марат Жыланбаев та дәл сондай мерзімге сотталған. Ол – әлемдегі ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен әйгілі спортшы.

Марат Жыланбаев сот залында. Астана, 30 қазан 2023 жыл.
Марат Жыланбаев сот залында. Астана, 30 қазан 2023 жыл.

Ресейдегі "экстремизм"

Ресейде экстремизмге қарсы заңнаманы саяси оппозицияға қолданудың ең танымал мысалдарының бірі – Алексей Навальныйдың ұйымдарына қатысты іс.

2021 жылы сот Навальный құрған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры, Азаматтардың құқықтарын қорғау қоры және саясаткердің аймақтардағы штабтарын "экстремистік" деп таныды. Осыдан кейін Ресей билігі ұйым қызметкерлерін ғана емес, олардың жақтастарын да қудалай бастады.

Алексей Навальный 2024 жылғы ақпанда 19 жылдық жазасын өтеп жатқан колонияда қайтыс болды. Оның өлімі халықаралық деңгейде наразылық тудырды, саясаткердің түрмедегі жағдайына қатысты сұрақтар да көтерілді.

Алексей Навальный
Алексей Навальный

Ресей билігі тәуелсіз медиалар мен билік сыншыларына өзге де құқықтық құралдарды пайдаланады. "Шетел агенті" және "жағымсыз ұйым" мәртебелері, сондай-ақ интернет-ресурстарды бұғаттау да қысым тетіктеріне айналған.

Мәселен, Азаттық радиосы мен "Медуза" осы тетіктер аясында түрлі шектеулерге тап болды. Олардың құқықтық мәртебесі "экстремистік ұйым" мәртебесінен өзгеше болғанымен, салдары ұқсас: редакциялардың жұмысына, материал таратуына және олармен әріптестік орнатуға шектеу қойылады.

Беларусьтегі қудалау

Сарапшылар Беларусьтің де экстремизм туралы заңнаманы билік сыншыларына қарсы қолданатынын айтады.

2020 жылғы президент сайлауынан кейін болған жаппай наразылықтан соң Беларусь билігі оппозицияны, тәуелсіз журналистерді, құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділерді қудалауды күшейтті. Шектеулер мен қылмыстық қудалауға негіз ретінде "экстремизмге қатысты айыптар" да пайдаланылды.

Минскіде президент сайлауынан кейін өткен наразылық. 2020 жыл.
Минскіде президент сайлауынан кейін өткен наразылық. 2020 жыл.

Беларусь журналистер қауымдастығы төрағасының орынбасары Олег Агеевтің айтуынша, билікке наразылығын интернетте білдірген, бірақ зорлық-зомбылыққа бармаған адамдар да осы қудалау нысанасына айналып отыр.

"Күш құрылымдары өкілдерінің біріне ұнамаған кез келген бейбіт әрекетті экстремизм деп тануға болады. Бұл сот тәртібімен немесе Беларусьте КГБ төрағасының бұйрығымен-ақ жүзеге асуы мүмкін. Ал мұндай шешім автоматты түрде жауапкершілікке әкеледі" дейді Агеев.

Оның сөзінше, 2020 жылғы наразылықтан кейін ондаған мың адам қудалауға ұшырап, жүздеген мың адам елден кетуге мәжбүр болған. Агеев мұны экстремизмге қарсы заңнаманы халыққа жүйелі қысым көрсету құралы ретінде пайдалану деп бағалайды.

Беларусь оппозициясының өкілдері Мария Колесникова мен Максим Знак сот залында. Билік оларды "экстремист" деп айыптады. Минск, 6 қыркүйек 2021 жыл.
Беларусь оппозициясының өкілдері Мария Колесникова мен Максим Знак сот залында. Билік оларды "экстремист" деп айыптады. Минск, 6 қыркүйек 2021 жыл.

2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша, Беларусьтегі экстремистік құрылымдар мен ұйымдар тізімінде 377 атау болған. Оның 368-ін ішкі істер министрлігі немесе мемлекеттік қауіпсіздік комитеті "экстремист" деп таныса, тек тоғызына ғана сот шешімімен тыйым салынған.

Агеев Беларусь тәжірибесінің тағы бір ерекшелігіне назар аударады. Оның сөзінше, ұйым немесе адам тізімге енгізілгеннен кейін оны одан әрі қудалау әлдеқайда жеңілдейді.

Олег Агеев
Олег Агеев

"Сізді экстремист деп танығаннан кейін, іс жүзінде ештеңені дәлелдеудің қажеті болмайды. Кез келген қылмыстық іс немесе саяси астары бар өзге де қудалау кезінде айыптау үкімі үшін заң талап ететін барлық дәлелді жинап, мән-жайды толық дәлелдеу керек. Ал экстремизм істерінде мұның қажеті жоқ. Сізді біреу экстремистер тізіміне енгізсе болғаны. Содан кейін жауапқа тарту рәсімі жай ғана формалдылыққа айналады" дейді Олег Агеев.

Агеев мұндай тәжірибе біртіндеп кеңейіп, қоғамның едәуір бөлігіне таралуы мүмкін екенін ескертеді.

"Бұған қарсы тұра алатын әріптестеріме айтар кеңесім: мұндай тәжірибенің Беларусьтегідей деңгейге жетпеуі үшін бар күшті салу керек. Өйткені бір кезде кері қайту мүмкін болмайтын шекке жетесің. Содан кейін қарсылық көрсетуге қауқар қалмайды, ел ішінде қорғану тетігі ешкімде қалмайды" дейді Беларусь журналистер қауымдастығының өкілі.

"Экстремист" заңнамасы неліктен кең ауқымда қолданылады?

Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Ресей және Беларусьтегі жағдайлар мен құқықтық рәсімдер бір-бірінен ерекшеленеді. Дегенмен құқық қорғаушылар бірнеше елге ортақ мәселені атап көрсетеді: ұйымды "экстремист" деп тану оның жетекшілері мен мүшелеріне ғана емес, онымен байланыста болған немесе материалдарын таратқан адамдарға да қауіп төндіруі мүмкін.

"Экстремизм" ұғымын кеңінен қолдану және тыйым салынған ұйымдармен байланысы бар деген негізде адамдарды қудалау қоғамда үрей туғызып, өзін-өзі цензуралауға итермелейді.

Сарапшылардың пікірінше, негізгі мәселе мемлекеттің терроризмге және зорлық-зомбылыққа шақыруға қарсы күресу қажеттігінде емес. Мұндай міндет кез келген мемлекетке жүктелген. Маңыздысы – қоғамды қорғау мен саяси көзқарасы бөлек адамдардың үнін өшірудің арасындағы шекараны айқындау.

Сондықтан айыптың қалай тұжырымдалғанына ғана емес, оның қандай дәлелдерге негізделгеніне, сот процесінің ашықтығына және адамның қабылданған шешімге шағымдану мүмкіндігіне де назар аудару қажет.

Экстремизм – адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін ауыр айып. Бірақ бұл сөздің қолданылуы өздігінен қоғамға нақты қауіп төнгенін дәлелдемейді. Мемлекет заңды зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қолдана ма, әлде өз сыншыларын үнсіз қалдыру үшін пайдалана ма? Басты сұрақ осы.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG