Украина 9 қарашаға қараған түні Ресейдің Ленинград облысына 113 дронмен шабуыл жасады. Бұл туралы облыс басшысы Александр Дрозденко хабарлады.
ASTRA сайтының жазуынша, дрондар шабуылынан соң "Киришинефтеоргсинтез" мұнай зауытында өрт шыққан. Бұл – Ресейдегі мұнай өндіру мөлшері бойынша екінші зауыт. Украиналық мониторинг арналар да зауыт шабуылға ұшырағанын жазып жатыр. Дрозденко да "Киришинефтеоргсинтез" аумағына шабуыл жасалғанын растады.
Бұл мұнай зауытында бензин, дизель, авиация керосины, мазут, битум, парафин шығарылады. "Киришинефтеоргсинтез" бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшыраған.
Ленинград облысы губернаторы Александр Дрозденконың айтуынша, Всеволожск қаласында дрон сынықтары көпқабатты үйдің шатырына түсіп, жоғары қабатта тұратын әйел адам қаза тапқан.
Ресей қорғаныс министрлігі 9 қарашаға қараған түні Украинаның 430 дронын қағып түсірдік деп мәлімдеді. Бірақ соғыс уақытында бұл статистиканы тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.