Accessibility links

Египетте жолаушылар пойызы соқтығысып, кемі 7 адам қаза тапты

Апатқа ұшыраған пойыз маңайын күзетіп жүрген полицейлер. Египет, 8 қараша 2026 жыл.
Апатқа ұшыраған пойыз маңайын күзетіп жүрген полицейлер. Египет, 8 қараша 2026 жыл.

Жексенбі, 8 қараша күні Египетте екі жолаушы пойызы соқтығысып, кемі жеті адам мерт болды және 112 адам жарақат алды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтей отырып Reuters агенттігі хабарлады.

Оқиға Египет астанасы Каирден оңтүстікке қарай 76 шақырым жерде болған. Ұлттық теміржол мекемесінің хабарлауынша, Гизадан Файюмге бара жатқан пойыз Каирден Асуанға жол тартқан пойыздың артынан келіп соққан. Салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен.

"Темір жолдағы апаттың салдарын ерекше бақылап отырмын. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамын, жапа шеккендердің жазылып кетуін тілеймін. Мемлекеттік мекемелерге қажетті медициналық көмекті көрсетуді, апаттың өзін жедел тергеуді және салғырттығы дәлелденген жауапты адамдарды жазаға тартуды тапсырдым" деді Египет президенті Абдул Фаттах ас-Сиси.

Египеттегі темір жол өте ескі саналады. Мемлекет оны жаңартуға миллиардтаған доллар инвестиция салып жатыр. Десе де, апат жиі болады.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, биыл қыркүйекте сол ауданда жүк пойыздар соқтығысып, бір пойыздың машинисі мен оның көмекшісі жарақат алған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Египет темір жолындағы ең ауыр апат 2002 жылы болған. Ол кезде 360 адам опат болған.

​
XS
SM
MD
LG