АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның құрлық пен Каспий теңізі арқылы санкцияны айналып өтіп, қару-жарақ пен тауар тасымалдауына жол бермес үшін жедел топ құрғанын мәлімдеді.
"Темір қақпа" (Task Force Iron Gate) деп аталатын бөлімшеде 20 маман болады. Флорида штатындағы Тампа қаласында орналасатын топ АҚШ-тың басқа да мемлекеттік ведомстволарымен бірлесіп, Иранның құрлық пен Каспий теңізі арқылы санкцияланған тауар, қару-жарақ тасымалдауына және заңсыз ақша айналымына тосқауыл қоюды көздейді.
АҚШ пен Израиль биыл ақпанда Иранға шабуыл жасап, содан бері бұл соғыс жалғасып жатыр. Иран соғыс басталған сәтте әлемдегі мұнай тасымалының 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жауып тастаған. Ал АҚШ Иранның порттарын блокадада ұстап отыр. Ормуз бұғазының жабылуы әлемде мұнай бағасының және басқа да тауарлардың қымбаттауына әсер етті.
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына байланысты 2005 жылдан бері Тегеранға бірнеше рет санкция салған. Иран ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін мәлімдеген.