"Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшылары жемқорлық күдігімен ұсталды. Не белгілі?

"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов (сол жақта) пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев (оң жақта) ұсталды.
"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов (сол жақта) пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев (оң жақта) ұсталды.

ҰҚК "Самұрық-Қазына" және "Қазақстан темір жолы" басшылары ұсталғанын мәлімдеді.

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және өзге де тұлғалар жемқорлық күдігімен ұсталды. Істің жай-жапсарын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр" деді ҰҚК 12 қарашадағы хабарламасында. Ведомствоның айтуынша, олар 11 қарашада ұсталған.

Комитет тергеу құпиялылығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын айтты. Жақыпов пен Отыншиевті қорғау тарабының БАҚ-қа шыққаны жөнінде әзірге ақпарат жоқ.

48 жастағы Нұрлан Жақыпов "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы болып 2023 жылы сәуірде тағайындалған. Оған дейін шамамен үш жыл шетелдік инвесторларға Қазақстанға бизнесін ұлғайтуға мүмкіндік беретін "Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company" Ltd жетекшілік еткен.

Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінінің отырысында инвестициялық жобалардың уақытында жүзеге асырыла алмай жатқанын алға тартып, қор мен еншілес компаниялардың басшыларын сынаған еді.

Елжас Отыншиев 2026 жылы шілдеде ҚТЖ ұлттық компания басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ол ҚТЖ-ға шамамен үш айдан астам уақыт жетекшілік еткен. Оған дейін "Самұрық-Қазынада" стратегия және активтерді басқару басқармасын басқарды. "Самұрық-Қазынаға" дейін "Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company" Ltd компаниясында істеген.

"Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшылары ұсталғаны жайлы ақпарат тараған күні желіде Астанада "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, чемодан жатқан видео тарады. Маңайынды күштік құрылым өкілдері мен полиция көрінеді. Жергілікті басылымдар мұны осы оқиғамен байланыстырып жатыр. Бірақ ресми органдар видеоның бұл оқиғамен байланысы бар-жоғына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

​
XS
SM
MD
LG