Апелляция журналист Алехованың жазасын үш жылдан екі жылға азайтты

Александра Алехова
Александра Алехова

Алматының апелляциялық соты журналист Александра Алеховаға шыққан үкімді өзгертіп, үш жыл түрме жазасын екі жылға қысқартты және журналистикамен айналысуға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл туралы "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы және адвокаты Гүлнәр Сүлейменова хабарлады.

Бұған дейін Алматы прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, жазаны жеңілдетуді сұраған еді.

"Әділ сөздің" хабарлауынша, журналист Алехова айыптың сақталуымен келіспей енді кассация сотына шағымданбақ.

3 тамызда Алматы қаласы Алмалы ауданының соты Алехованы "жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген жеке деректерді таратты" деген айыппен үш жылға соттаған еді. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеуді бес жылға, яғни, 2031 жылға шегерген.

Алеховаға қатысты іс Алматыдағы "Кенжехан" базарының иесі мен жалға алушыларының арасындағы дау жайлы мақаладан соң қозғалған еді. Мақалада жалға алушылардың құқығын қорғаған белсенді әйелдің бұрын сотталғаны және полицияда есепте тұрғаны айтылады. Осыдан соң белсенді мақалада жеке басына қатысты дерек жарияланды деп сотқа шағымданған еді. Журналистің қорғаушылары бұл деректер ашық сот базасынан алынғанын айтқан.

​
XS
SM
MD
LG