Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) екі жылда 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Ел алғаш рет рейтингі жоғары 21 мемлекеттің қатарына еніп, Германия, Жапония және Швециядан озып шықты деп айтылады.
Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Салыстырмалы түрде, Өзбекстан – 32, Әзербайжан – 38, Ресей 50-орында.
БҰҰ дерегінше, Қазақстанның индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өскен. Бұған интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігі, халықтың цифрлық сауаттылығы және мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі әсер еткен.
Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Жыл басынан бері eGov арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілген, оның үштен екісі смартфон арқылы алынған.
БҰҰ eGov.kz пен eGov Mobile платформаларын мемлекеттік органдар жұмысы, цифрлық сәйкестендіру және онлайн қызметтерді біріктірген тиімді жүйе ретінде атап өтті.
Вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, рейтингтегі өсім – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Оның сөзінше, келесі мақсат – азамат мемлекеттік қызметке жүгінбей тұрып-ақ қажетті қызметті ұсына алатын мемлекет қалыптастыру.
Қазақстанның eGov.kz электрондық үкімет порталы 2006 жылғы 12 сәуірде ресми түрде іске қосылды. Ресми мәлімет бойынша, порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген
Дегенмен Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік электрондық қызмет сапасы орыс тіліндегіден нашар екені сәуірде айтылған еді. Бұл туралы eGov Mobile қосымшасындағы жасанды интеллект (ЖИ) ботына сұрақ қойып, сынақ жүргізген зерттеушінің қорытынды мақаласында айтылған.
UN E-Government Survey – БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті екі жылда бір рет жариялайтын баяндама. Рейтинг БҰҰ-ға мүше 193 мемлекетті қамтиды және онлайн қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалайды. Елдер төрт топқа және 16 рейтингтік санатқа бөлінеді. Ең жоғары VH санатына электрондық үкіметі барынша дамыған мемлекеттер кіреді.