Accessibility links

Журналистерді қорғау комитеті Павлюктің өлімін мұқият зерттеуге шақырды


Журналистерді қорғау комитеті Қазақстан билігін қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өліміне оның кәсіби қызметі түрткі болды деген тұрғыда мұқият тергеуге шақырды.

Бейсенбі күні Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов қырғыз журналисі Павлюкке қатысты тергеу амалдарының аяқталғанын хабарлады. Оның айтуынша, айыпталушылар (Қазақстанның екі, Қырғызстанның бір азаматы) наурыздың 25-інен бастап қылмыстық іс материалдарымен таныса бастайды. Павлюктің туыстары күдіктілерге тағылып отырған айыпта саяси астар жоқтығына өкінетіндерін айтты.

Азаттық радиосының бұл хабарына сілтеме жасаған Журналистерді қорғау комитеті Қазақстан билік орындарының Павлюктің қазасына тонаушылық себеп болды деген болжамына алаңдаушылық танытты.

«Біз Қазақстанның ішкі істер министрлігін осы маңызды тергеуге нүкте қоюдың алдында мүмкін болған барлық себептерді қарастыруды жалғастыруға шақырамыз» деді аталмыш ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бойынша бағдарламасының үйлестірушісі Нина Огнянова.

2009 жылдың желтоқсан айында қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болған еді.
XS
SM
MD
LG