Accessibility links

Назарбаевқа талаппен келгендерді полиция Ақордаға жібермей тұр


Бүгін таңертең Астананың әкімшілік орталығына ондаған адам жиналып, Қазақстанның қазіргі президенті әрі алдағы кезектен тыс сайлауда президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, оған өз талаптарын жеткізгісі келетіндерін мәлімдеді. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Қазақстанның әр аймағынан келген бұл адамдардың арасында «Конституцияны қорғайық!» қоғамдық комитетіне біріккен Қазақстан Коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясының, «Аман-саулық», «Күретамыр» және басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Олар елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуден бас тартуға шақырған үндеулерін Назарбаевқа тапсыруға келгендерін айтады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қазір Астанадағы «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңда тұрған әлгі адамдарды полицейлер Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақордаға жібермей жолдарын бөгеп тұр. Бұл жерге жедел жеткен «Нұр Отан» саяси партиясының өкілдері жиналғандарды тәртіп сақтауға шақырып, оларды ниеттерінен қайтаруға тырысты.

Талаппен келгендердің арасынан оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин бастаған бес адамға талаптарын тапсыру үшін президент әкімшілігі кеңсесіне баруға рұқсат берілді.
XS
SM
MD
LG