Accessibility links

Қазақстан АЭС құрылысына қатысты талаптарды қайта қарайды


Жапониядағы «Фукусима» атом электр станциясындағы апатқа байланысты Қазақстан өз аумағында АЭС құрылысын салуға қатысты талаптарды қайта қарап жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов айтты деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

«Жапониядағы оқиғаларды ескергенде біздің әдістемелеріміз АЭС реакторлары жұмысының қауіпсіздігі мен сенімділігі мәселелеріне қатысты қатаңдату бағытында тағы бір нақтыланады. Ал реактордың типіне қатысты мәселе – бұл ВБР-300,сол күйі қалады. Қазір ол бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ, келісу процесі жүріп жатыр. Мүлдем басқа реактор таңдалуы да мүмкін», - деген Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұдан өзге ол Қазақстан 2010-2015 жылдары атом энергетикасын дамыту жөніндегі бағдарлама да қайта қаралатынын айтты.

«Біз қазір президент әкімшілігінің Жапониядағы оқиғалардың салдарын ескере отырып жасалған ұсыныстары мен ескертулерін назарға алып, бағдарламаны қайта қарауға тиіспіз. Барлық ескертулер мен ұсыныстар ескерілгеннен кейін ғана АЭС құрылысы туралы нақты айтуға болады», - деді ол.
XS
SM
MD
LG