Accessibility links

Президент сайлауының қортындысы Нигерияның солтүстігінде наразылық туғызды


Нигерия президенті Гудлак Джонатан өзі жеңіске жеткен президент сайлауынан кейін елдің солтүстігінде басталған тәртіпсіздіктерден соң халықты бейбітішілік пен бірлікті сақтауға шақырды.

Дүйсенбі күні сайлау комиссиясының өкілдері президент сайлауының дауыс беру қортындысына сай, мұнайлы оңтүстік өңірден шыққан Гудлак Джонатанды сайлаушылардың 57 пайызға жуығы қолдап дауыс бергенін жариялады.

Халықаралық бақылаушылар сайлау жалпы алғанда демократия талаптарына сай өтті деп танығанымен, Джонатанның саяси бәсекелесі – бұрынғы генерал Мұхаммед Бухаридің жақтастары заң бұзу оқиғаларының көп болғанын алға тартты.

Христиан дініндегі Гудлак Джонатанның мұсылман Мұхаммед Бухариден басым түскені туралы хабардан соң, мұсылмандар көп тұратын елдің солтүстігінде дүйсенбі күні шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыстар болды. Зардап шеккендер туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Африка құрлығында халқы ең тығыз орналасқан мемлекет болып саналатын Нигерияда 150 миллион тұрғын бар.
XS
SM
MD
LG