Accessibility links

Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкету әрекеті болды


Аустрия полициясы Вена көшесінде
Аустрия полициясы Вена көшесінде

Венада ҮҚК нің бұрынғы төрағасы, генерал Әлнұр Мұсаевты ұрлап алып кету әрекеті болды. Қазір Аустрия прокуратурасы оны шетелдің билігі ұрлап әкетуді жоспарлаған жоқ па деген күдікті тергеуде.

Аустрия прокуратурасының мәлімдеуінше, осы аптада Вена көшесінде қарулы 4 адам Мұсаев пен оның тілмәші, Аустрия азаматшасы Лидия Айкмайэрді (Lidia Eickmeyer) ұрлап әкетуге тырысқан. The Wall Street Journal газетіне Аустрия прокуратурасының өкілі хабарлағандай, прокуратура Ә.Мұсаевты күштеп алып кету әрекетіне шет елдің қатысы жоқ па? –деген күдікті тергеуде.

Әлнұр Мұсаев - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы бұрынғы өкілі Рахат Әлиевпен бірге өткен жылы Аустрияға қашып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жемқорлыққа белшесінен батты, Батыстың мұнай компанияларынан миллиондаған доллар пара алды деп айыптады.

Өз кезегінде Рахат Әлиев Ақорданың сыбайласқан жемқорлыққа қатысы бар делінген бірқатар құжатты шілде айында The Wall Street Journal газетіне берген еді.

Ә.Мұсаев пен Р.Әлиев бас сауғалап Венаға қашып кеткеннен кейін, Қазақстанда екеуінің үстінен “тұрақты қылмыстық топ құрып басқарды”, “мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды” сынды ауыр айыптар бойынша қылмыстық іс қозғалып, сырттай ұзақ жылдарға түрмеде отыру жазасына кесілді.

The Wall Street Journal газетіне Аустрия прокуратурасы хабарлағандай, прокуратура Ә.Мұсаевқа одан да бұрын - 17 шілде күні қастандық жасамақ болғанын анықтады. Тіпті олардың біреуінің есімі де белгілі болды.

Алайда прокуратура ол адамның аты-жөнін айтудан бас тартты, бірақ газеттің "ол адам Қазақстаннан келді ме? –деген сауалына прокуратура өкілі: “Сол аймақтан” деп жауап қайтарды. Ешкімге айып тағылмады. Ал Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі осы оқиғаларға байланысты сауалдарға жауап бермеді.

Азаттық радиосының Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінен мәлімет алмақ болған әрекеті әзірше нәтиже бермеді.

АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейнимен және Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райспен келіссөз өткізу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Марат Тажиннің алдағы аптада Вашингтонға баруы жоспарланып отыр. Ақ үй Венадағы кісі ұрламақ болған әрекетке ешқандай түсініктеме бермеді.

Аустрия полициясына берген ресми шағымында Ә.Мұсаев Вена көшесінде орыс тілді бірнеше кісінің өзін автокөлікке күштеп отырғызбақ болғанын жазды. Бейсенбіде The Wall Street Journal газетіне телефонмен берген сұхбатында ол осы аптада қарулы 4 адамның өзі мен тілмәші Лидия Айкмайэрге шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оларға қарсылық көрсетіп, көшедегілер айқау-шу шығарған соң шабуылдағандар қашып кеткен. Бірақ Мұсаев та, оның тілмәші де жараланған.

Телефонмен берген сұхбатында Айкмайэр оны растап, өзінің жараланып есінен танып қалғанын айтты.

The Wall Street Journal газетінің атап көрсетуінше, Қазақстанның ресми билігі мен кешегі жоғары лауазымды тұлғалардың арасындағы қазіргі теке-тірес АҚШ-тың президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жақсы қарым-қатынас орнатуға деген әрекетін қиындатты.

Ресей мен Қытайдың қақ ортасына орналасқан стратегиялық геосаяси жағдайымен және уран мен қара және түсті металдың, сондай-ақ бай мұнай қоры бар Қазақстан өте маңызды ел.

Әзірше Ә.Мұсаевты ұрламақ болған оқиғаның нақты қай күні болғаны белгісіз. 24 қыркүйек күні Азаттық радиосының интернет-сайтында (ууу.аzattyq.org) Қазақстанда астыртын түрде жаппай тұтқындау шарасы жүріп жатқанын және елдегі оппозициялық партиялардың барлығын Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаржыландырып, қадағалап отыратынын мәлімдеген Рахат Әлиевтің сұхбаты жарияланды.

25 қыркүйекте алматылық Zonakz.net интернет-басылымы Венада Р.Әлиев пен Ә.Мұсаевқа бір мезгілде қастандық жасалғанын бірінші болып хабарлады. Қарама-қайшы ақпарға сәйкес, бір мәлімет бойынша Рахат аман қалды, екінші дерекке сәйкес, жеңіл жараланды. Осы хабарда Ә.Мұсаетың ауыр жараланып, ауруханаға түскені айтылды.

Аустрия прокуратурасына сілтеме жасаған Ресейдің РИА “Новости” агенттігінің хабарына қарағанда, 24 қыркүйекте Ә.Мұсаевтың өзі полицияға шағымданған. Прокуратураның өкілі Герхард Ярош Р.Әлиевке қастандық жасалды деген ақпарды жоққа шығарды.
XS
SM
MD
LG