Accessibility links

Барак Обама 1961 жылы Гавайда кениялық пен ақ американдықтың отбасында дүниеге келген. Барак екі жасқа толғанда әке - шешесі ажырасып, отбасы Индонезияға көшіп барып, шешесі екінші рет индонезиялық азаматқа тұрмысқа шыққан.

Обаманың әкесіндей боп кеткен өгей әкесі мұсылман еді. 6 жасынан 10 жасына дейін 4 жыл бойы Джакартада тұрып, сонда оқыған Барак кейіннен Гонолулудағы атасы мен әжесіне қайтып барған. Ол Нью-Йорктегі Колумбия университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдап, үш жыл бойы Чикагода жергілікті тұрғындар мен федералдық көмек бағдарламаларын жалғаушы — қоғамдық ұйымдастырушы болып қызмет атқарған.
АҚШ-тың жаңа президентінің өзі: «Мен сіздердің алдарыңызда осыдан 4 жыл бұрын сөз сөйлеп, өмір тарихымды айтып, Канзастан шыққан келіншек пен кениялық жігіттің ұлдарының Америкада қалағанына қол жеткізетініне соншалық сеніммен қарағаны туралы баяндағанмын. Бұл елді ерекше қылған да осы сенім. Жанқиярлық пен қажырлы еңбектің арқасында біздің әрқайсысымыз армандарымызды жүзеге асыра аламыз және бізден кейінгі ұрпақтың да армандарына қол жеткізулері үшін біз біртұтас американдық отбасы болып қаламыз. Сіздерге осыны айтқым келеді», — деді.
Обама 1988 жылы Гарвард университетінің құқық мектебіне оқуға түсті. Заң ғылымдарының докторы дәрежесін алғаннан кейін ол жеке заң фирмасында жұмыс істеді, Чикаго университетінде конституциялық құқықтан сабақ берді, 1996 жылы Иллинойс штатындағы заң шығарушы кеңестің жоғарғы палатасына сайланды.
2000 жылы АҚШ Конгресі өкілдер палатасының сайлауына кандидатурасын ұсынып, жеңіліске ұшырады. Төрт жылдан кейін Сенат сайлауына түсіп, әрекеті нәтижелі болды. Болашағынан үміт күттіретін жас саясаткер екі партияның да өкілдерінің назарында болды. Республикалық партияның өкілі Ричард Лугар Обаманы ыдырағыш заттарды бақылау туралы заң жобасын бірлесе жасауға шақырды.
2005 жылы Обама Ричард Лугармен бірге Ресейге барды. Сенатор Обама өзінің президенттік науқанын Джон Маккейнге қарсы құрды. Оның пікірінше, қарсыласының жеңісі қазіргі бағытты өзгеріссіз жалғастырар еді.
«Республикашылардың кандидаты Джон Маккейн біздің еліміздің әскери киімін қаһармандықпен лайықты киіп жүруі арқылы біздің алғысымыз бен құрметімізге ие болды. Келесі аптада біз оның партияластарымен келіспей қалғаны туралы ести аламыз, бұл оның қажетті өзгерістерге бейімделгіштігін көрсетеді. Бірақ оның қызмет орындары көрсетіп тұрғандай, ол 90 пайыз Джордж Буш саясатының жақтаушысы болған. Сенатор Маккейн өзіндік пікірі бар екенін айтқанды ұнатады, бірақ 90 пайыз Бушпен пікірлес болған адамда қандай өзіндік пікір болуы мүмкін? Басқаларды қайдам, маған 10 пайыздық өзгеріс мүмкіндігі ұнамайды», — деген еді Обама өзінің қарсыласы туралы.
Барак Обама қаржылық дағдарыс жағдайында салықты азайтып, шетелдің мұнайына деген тәуелділікті жоюға уәде берді: «Мен еңбек етуші отбасылардың салығын 95 пайызға азайтамын, өйткені біздің жағдайда орта таптың салығын көтеру ақылға сыймайтын іс. Біздің экономикамыз бен әлемнің болашақ қауіпсіздігі үшін президент ретінде менің алдыма қойған мақсатым — алдағы он жылда Таяу Шығыс мұнайына тәуелділікті мүлдем жою».
Обаманың сайлауалды ұраны «өзгерістер» деген сөз болды. Американдықтарды вашингтондық бюрократия шаршатты, олар үкімет басында елдің моралдық беделін көтеретін жаңа тұлғалар болғанын қалайды. Осы талаптардың үдесінен шығып отырған Барак Обама болып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG